Ақтөбе облысында жайылым жерлерін құрт басты. Инспекция комитеті түсініктеме берді

24 Мамыр 2022, 15:07
2645
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жайылым жерлерін құрт басты. Инспекция комитеті түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе мен Атырау тұрғындарының үрейін алған белгісіз жәндік туралы Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті түсініктеме берді.

Қара құрттың қаптауы қалай басталды?

Жусан жапырақ жемірі Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында пайда болды. Жусанның арасында мыңдап кездесетін бунақденелілерді қолмен улап өлтіру мүмкін емес дейді жергілікті тұрғындар. Осы мәселеге байланысты жергілікті шаруалар бір жыл бойы дабыл қағып келеді. 
 

Жусандарды жейтін құртттар бізді үлкен шығынға қалдырайын деп тұр. Жергілікті халықтың бәріне мәлім, Байғанин ауданының көпшілік жерінде өсетін шөп ол жусан. Біздің қысы-жазы бойы қара малдарымызға азық болып келе жатыр. Қалған шөптің түрлері жаз айларында күйіп кетеді. Қалатыны тамыры терең жусан шөп. Сондықтан бізге аса үлкен қауіп төніп тұр. Бұл іс жеке қожалықтардың қолынан келмей тұр. Себебі заң бойынша шегірткелерді улау шарасы бар екен. Ал бүгінгі біз көріп отырған қарақұрттарға заң шарасыз болып отыр, - «Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдастығы» жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Марлен Баймағамбетов.

Былтыр қожалықтарға қандай уәде берілген?

Бірлестік төрағасының айтуынша,  қарақұрттың қаптап кеткені туралы облыс тұрғындары былтырдан бері шу шығарып келеді. АШМ министрлігіне жергілікті қожалықтарға қара құрттарды улау шарасын енгізу туралы ұсыныс та  тастаған. Алайда бір жыл өтседе министрлік ешқандай шараны қолға алмаған.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс өңірге келіп уәде берген болатын. Ол заңға өзгеріс енгізіліп, енді мемлекет алқап жұмыстарын улауға көмектесетінін айтақан еді. Өкінішке қарай бір жыл өтті. Ешқандай өзгеріс жоқ, - деді  Марлен Баймағамбетов.

Бұған комитет жауабы қандай?

Жусан жапырақ жемірі елімізде  таралған зиянкестердің байырғы түрлеріне жатады. Зиянкес еліміздің қуаңшылық аудандар аумағында, оның ішінде Атырау және Ақтөбе облыстарында, күтіп-ұстау мен агротехникалық талаптар сақталмайтын және әдетте арамшөптермен ластанған, тозған және өнімділігі төмен жайылымдарда таралып отыр, - делінген жауапта.

Комитеттің мәліметінше,  жусан жапырақ жемірі құртының негізгі қорегі жас жусан шөптер.  Сондай-ақ зиякестер көбіне республиканың құрғақ аймақтарында кездеседі.  

Биыл 21 мамырдағы жағдай бойынша Ақтөбе облысында 550,0 га және Атырау облысында 900,0 га алқапта жусан жапырақ жемірінің дернәсілдері анықталып отыр.  «Өсімдіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – заң) 14-5-бабының 1) тармақшасына сәйкес, қызметi мемлекеттiк фитосанитарлық бақылау объектiлерiне байланысты жеке және заңды тұлғалар: фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзуге және саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің дамуы мен таралуына жол бермеуге міндетті, - делінген комитет жауабында.

Сондай-ақ заңға сай шаруашылықтар міндетті түрде жерлерін құртқа қарсы химиялық өндеу жүргізу керек екені жазылған.

Заңның 1 - бабының 22) тармақшасына сәйкес, фитосанитарлық іс-шаралар – зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерді жоюды және олардың саны мен зиян тигізуін зиян тигізудің экономикалық шегінен төмен етіп азайтуды қамтамасыз ететін шаралар. Бұл ретте, аумағында жусан жапырағы жемірі таралған жеке және заңды тұлғалар заң талаптарына сәйкес, өз қаражаты есебінен қорғау іс-шараларын жүргізуге тиіс. «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мамандары жоғарыда аталған зиянкестердің дамуы мен таралуына жүйелі түрде бақылау және мониторинг жүргізеді, - делінген мемлекеттік инспекция комитеті түсініктемесінде.
 

Өзгелердің жаңалығы