Ақтөбе облысында «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен «Жастарға кеңес» жобасы сәтті жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ануар Искариннің айтуынша, бұл жобаның маңыздылығы сол — ауыл, қала жастары әр сала өкілдерінен кеңес алып, өздеріне қажетті ақпараттарға қанық болады. Бұл жоба әсіресе аудан жастарына өте тиімді, себебі олар уақыты мен қаржысын жұмсамай өз ауылында отырып ақпарат алуына болады.
«Жастарға кеңес» жобасы — «Жастар рухы» жастар қанатының жастарға бағытталған жобаларының бірі. Бұрынғы «Кеңес орталығы» жобасының жалғасы. Мақсаты — жастардың әртүрлі сала бойынша өзекті мәселелеріне қатысты тегін кеңес алуға мүмкіндік жасау. Өткен жылдың аяғында бұл жобаның атауы мен бағыт-бағдары өзгерді. Формасы да өзгеріп отыр. Ауыл жастарын қамту міндеті қамтылды. Жоба іске қосылған уақыттан бері мұндай шара өңірімізде бірнеше мәрте ұйымдастырылды. Көбіне қала жастарына арнап сауда, ойын-сауық орталықтарында өткізілді. Енді, міне, биылдан бастап өңірімізде ауыл-аймақтарды қамтып жатырмыз. Жуырда осындай мақсатпен Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылында болдық, — дейді ол.
Ануар Искарин Ақтөбе облысында жастарды қолдауға арналған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтады. Мәселен, Наурыз мейрамында 42 ақтөбелік жас «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналы болса, аудандарда тұратын жас кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, несие рәсімдеп жатыр. Олар өз кәсібін ашып қана қоймай, ауылдарда мал шаруашылығын дамытып, жеке кәсіпкерлікке өз үлесін қоспақ. Жаңа жұмыс орындарын ашады.
Жастардың кәсіппен айналысуына қолдау көрсету мақсатында биыл «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы 21 мен 35 жасқа дейінгі жастарға 2,5 пайызбен несие бере бастады. Бұл — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан жоба. Мұндай мүмкіндікті кәсіп ашуға ниетті немесе кәсібін кеңейткісі келетін жастар пайдалануы керек. Несие алудың шарттарына келсек, несие сомасы 5 миллион теңгеге дейін болса, сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,5 пайыз. Ал несие мерзімі мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік уақыты қарастырыып отыр. Бұл жоба да ауыл жастарына өте тиімді, — дейді Ануар Искарин.
Оның айтуынша, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ берілетін 2,5 пайыздық несие
алу үшін кез келген жастың кепілдікке қоятын мүлкі болуы міндетті. Егер кепіл мүлкіңіз болмаса, кепіл беруші ретінде ата-анаңызды, туыстарыңызды тартуға болады.
Өтінім беруге құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалына тапсыруыңыз керек.
Кепілдік демекші, Бестамақ ауылында өткен кеңес беру іс-шаралары аясында ауыл жастары несие алу үшін кепілге қоятын мүлкілерінің жоқ екенін айтып, мамандардан көмек сұрады. Сондай-ақ бестамақтықтар Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының,
«Отбасы» банкі Ақтөбе облыстық филлиалының, «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандарымен пікірлесіп, жұмысқа тұру, несие алу, баспанаға қол жеткізу, кәсіп ашу, т.б. мәселелерге қатысты тегін кеңес алды.
Ақтөбе облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен қолға алынған бұл жоба келесі айдан бастап облыстың басқа аудандарында жалғасатын болады. Аталған топ өкілдері енді Байғанин ауданына баруды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 14-35 жас аралығындағы 285 973 жас бар. Бұл — өңір халқының 32 пайызы. Оның ішінде 82 336-сы — ауыл жастары. Сондай-ақ қазіргі таңда облыста жұмыссыз жүрген 1884 жас бар. Алайда бұл тек ресми мәлімет. Бұдан бөлек, бүгінде 6800-ге жуық ақтөбелік жас өзін-өзі тұрақты жұмыспен қамтып отыр.