Ақтөбе облысында қылмыс жасайтын жасөспірімдердің саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ботакөз Жалекешованың айтуынша, былтыр облыста кәмелетке толмағандар арасында жасалған құқық бұзушылықтар саны 56 пайызға артқан. Оның ішінде ұрлық, бопсалау, алаяқтық, сондай-ақ тонау деректері бар.
Өткен жылы Ақтөбе қаласында жасөспірімдердің қатысуымен жасалған құқық бұзушылық деректерінің саны 41,8 пайызға, жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар саны 27,6 пайызға артқан. Мәселен, 2022 жылы 58 іс қозғалса, өткен жылы 74 қылмыстық іс тіркелді, — дейді Б.Жалекешова.
Оның айтуынша, өткен жылы Ақтөбе қаласында жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде полиция бөлімдеріне 329 жасөспірім жеткізілген. Тексеру шараларының нәтижесінде оның 260-ының сәтсіз отбасынан шыққаны анықталса, 24-інің ата-анасы өз құқығынан айырылған. Яғни, жасөспірімдер ата-аналары мен жақындарының қарауынсыз қалған. Бұдан бөлек, ювеналды полиция қызметкерлері облыста 139 қылмысты анықтап, оның ішінде үш тонау, 19 ұрлық дерегі жасөспірімдердің қатысуымен жасалғанын дәлелдеген.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлдана Бакиеваның айтуынша, бүгінде өңірде 260-тан астам жасөспірім құқық қорғау органдарының есебінде тұр.
Былтыр біз осындай есепте тұрған оқушылардың қатысуымен Ақтөбе қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Ақтөбе жастары» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырдық. Қазір әр аптаның жұма-жексенбі күндері құқық қорғау органдары мамандарымен бірлесіп, рейдтер өткізіп жатырмыз. Ондағы мақсат — жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, — дейді Г.Бакиева.