Ақтөбе облысында шетел азаматтарына бензин мен дизель отыны өзгертілген бағада сатылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өзгерістер өңірде 17 мамырдан бері жүзеге асырылуда. Оған басты себеп - Энергетика министрлігінің жанар-жағармай бағасына қатысты шығарған жаңа бұйрығы. Аталған бұйрыққа сәйкес барлық өңірде ел және шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынының бағасы өзгертілді.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрғалым Сағитжанның айтуынша, қазір өңірде шетелдіктерге АИ-80 маркалы бензин литріне - 89, АИ-92, АИ-93 маркалы бензин литріне - 245, маусымаралық дизель отыны литріне 315 теңгеден сатылып жатыр.
Ал Қазақстан азаматтары үшін АИ-92, АИ-93 маркалы бензин бұрынғы бағада, яғни литріне 205 теңгеден сатылуда. Дегенмен мынадай талаптары бар: біріншіден, елімізде берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейін литріне - 205 теңгеден, мотоциклдерге, жеңіл, жүк және мамандандырылған көліктер мен автобустарға көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде литріне 205 теңгеден сатып ала алады. Сондай-ақ дизель отыны да еліміздің азаматтарына бір литрі 295 теңгеден сатылатын болады. Ал тәуліктік лимиті 100 литрге дейінгі көлемде болуы керек, - дейді Нұрғалым Сағитжан.
Айта кету керек, былтыр облыста жалпы саны 30 мыңға жуық шетелдік автокөлік тіркелген. Олардың дені Ресейден, ал бірқатары Армения мен Грузиядан әкелінген.
Заңға сәйкес, бұл көліктердің дені заңдастырудан өтті. Дегенмен биылғы көрсеткіштер туралы нақты дерек жоқ. Сондай-ақ өңірімізде қанша шетел азаматы тұрып жатқандығы туралы да нақты деректер табылмады.