Ақтөбе – Орынбор тасжолында үш көлік соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
25 қаңтар күні сағат 17:00 шамасында «Ақтөбе – Орынбор» автожолының Құрайлы ауылы маңында үш автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Ақтөбеден Мартөк бағытына шыққан Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Hyundai Solaris автокөлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан Honda Odyssey бағытын өзгертіп, қарсы бетте келе жатқан ВАЗ-2110 көлігімен қайта соқтығысқан, - делінген хабарламада.
Жол апаты салдарынан ВАЗ-2110 көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі адам – Honda Odyssey көлігінің бір жолаушысы мен ВАЗ-2110 автокөлігінің бір жолаушысы жарақат алып, медициналық көмекке жүгінді.
Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр.