Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға 120 млн теңге бөлінеді

Бүгiн, 19:05
138
Бөлісу:
Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға 120 млн теңге бөлінеді
PHOTO
Фото: Ақтөбе облыстық спорт басқармасы

Ақтөбе облысында жыл сайын жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Соған қарамастан әлі де болса шалғай ауылдарда спорттық мекемелер саны жеткіліксіз. Біз осы орайда жаңадан салынатын нысандар мен құрылысы ұзаққа созылған кешендер, сондай-ақ ақтөбелік спортшылардың былтырғы жетістіктері жайында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Айбат Ермекбаевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Айбат Асқарұлы, былтыр облыста қанша спорт нысаны ашылды? Биыл қаншасы салынады?

- Бүгінде Ақтөбе облысында жалпы саны 1643 спорт нысаны бар. Өткен жылы өңірде 37 спорт нысанын салу жоспарланған болатын. Жыл соңында 10 нысанның құрылысы аяқталып, 12 нысан биылғы жылға ауыстырылды. Қазір 15 жаңа спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осылайша 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс халқын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 60,6 пайызға жетіп отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға 120 млн теңге бөлінеді

- Бүгінде Ақтөбе қаласындағы "Батыс-2" шағын ауданындағы дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы және Хромтау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмай тұр. Бұл нысандар қашан ел игілігіне беріледі?

- Ақтөбе қаласындағы "Батыс-2" шағын ауданындағы дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы материалдардың қымбаттауына байланысты уақытша тоқтап қалды. Бұған дейін нысанның жобалық-сметалық құжаттамаларына түзету жұмыстары жүргізілді. Былтыр тамыз айында оң қорытындысы алынып, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жандандырылып жатыр. Ал Хромтау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне келсек, бұл нысанның да құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілді. Қазір оң қорытынды алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр.

Сол сияқты Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және құрылыс басқармасы арқылы ауданның балансына берілді. Алдағы уақытта нысанға техникалық қорытынды алынып, жобалық-сметалық құжаттамаларға түзету енгізілетін болады. Жалпы, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл толықтай аяқталады деп жоспарлануда.

- Соңғы кезде спорт мектептерінде жемқорлық деректері тіркелуде. Бұл бағыт бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

- Спорт саласындағы, оның ішінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істеріагенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен және Сыбайласжемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесіп жұмыстаржүргізілуде.

Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға 120 млн теңге бөлінеді

Бүгінде басқармада және басқармаға қарасты барлық спортұйымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, салауаттыөмір салтын насихаттау, балалар мен жастарды спортқа тарту үшін спорт басқармасы тұрақты негіздебарлық спорттық-бұқаралық іс-шараларды жергіліктіжәне республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап отырады.

Облыстың балалар-жасөспірімдер спорт мекемелері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бірлесіп дайындалған роликтер менүлестірме материалдар мекеме басшылары мен жаттықтырушы-оқытушылар құрамының қатысуыменқаралады және әр мекеменің ресми парақшаларына орналастырылады.

Егер сыбайлас жемқорлық деректері анықталған жағдайда, кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң тәртіптік шаралар қабылданады.

- Қазір қыс мезгілінде тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бойынша қандай іс-шаралар жүргізуде? Жастарды спортқа баулуда қандай жарыстар, турнирлер өтуде?

- Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында және аудандарда мұз айдындары құйылып, халықтың бос уақытын өткізуіне, демалуына, коньки тебумен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Сонымен қатар өңірімізде жыл сайын жоспарға сәйкес барлық спорт түрі бойынша облыс чемпионаттары, біріншіліктер ұйымдастырылып жатыр.

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы қандай жетістіктерге қол жеткізді? Алда өтетін Олимпиада ойындарына облыстан қанша спортшы дайындалып жатыр?

- 2024 жылы облыс спортшылары айтарлық нәтиже көрсетті. Мәселен, қараша айында дзюдодан ересектер арасында ел чемпионаты өткізілді. Дзюдошыларымыз Есет Қуанов, Аруна Жангельдина, Бақыт Қосақбаевалар осы чемпионатта үшінші рет Қазақстан чемпионы атанып, облыс құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленді. Сондай-ақ боксшымыз Жансері Көшербаев жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болса, дзюдошы Жанарыс Рахметқали әскерилер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жалпы, былтыр Олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортшыларымыз 80 халықаралық турнирге, 32 республикалық турнирге, 10 ҚР Кубогына, 11 Азия чемпионатына, 8 Әлем чемпионатына, 15 түрлі деңгейдегі кубоктарға, 320 ірі жарысқа қатысып, 107 алтын, 49 күміс, 55 қола медаль жеңіп алды.

Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға 120 млн теңге бөлінеді

Жерлесіміз Айдын Төлепбаев ММА-дан Әлем чемпионы атанса, самбо күресінен Еламан Қойшыбаев Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Нарғыз Бекежан гір спортынан ҚР Чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы, Греция, Корфу қаласында өткен Әлем Чемпионатының 1-орын жеңімпазы, ҚР Кубогінен бірінші орын иегері атанса, Әділет Шалғынбекұлы белбеу күресінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын иеленді. Сол сияқты Евгений Макшанцев джиу-джитсудан спорт шебері, Грекия, Ираклон қаласында өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

Жетістіктерімізге тоқталсақ, былтыр 9 спортшымыз Астана қаласында өткен Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына қатысты. 4 желтоқсан күні елімізде тұңғыш рет «Сыбаға» фестивалі ұйымдастырылып, оның аясында «Салбурын» жарысын ұйымдастырдық. Сондай-ақ Ақтөбе облысынан Париж Олимпиадасына 3 спортшымыз қатысты. Өкінішке қарай, спортшыларымыз Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсете алмады. Алда 2028 жылғы Лос-Анджелес ойындарына 25 спортшы үміткер ретінде есепте тұр, дегенмен бұл тізім алдағы нәтижелерге қарай өзгеруі мүмкін. Олардың ішінде бокстан жастар арасында екі дүркін Азия чемпионатының жүлдегері Дәулет Төлемісов, Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы Бекзат Алдамжаров, дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері, Гранд-Слам турнирінің жеңімпазы Жанарыс Рахметқали, Азия чемпиондары Алмат Әділет, Бақытжан Аман, Мұрат Нұрбек, Бисенов Нұржан, еркін күрестен Париж Олимпиадасына қатысушы Мейрамбек Қартбай, Әділхан Албайұлы, бокстан болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған, жастар арасында әлем чемпионатына жолдама алған Жансері Көшербаев, жүзуден талантты спортшы Глеб Ковалениялар бар.

- Биыл бұқаралық спортпен айналысатындардың үлесі қанша? Бұл бағыт бойынша облыста қай аудан алда тұр?

- 2024 жылы облысымызда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар үлесі 43,0 пайызға жетті. Яғни, өңірде 408 215 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Бүгінге дейін біз осы спорт жанашырларын қамти отырып, 3500 спорттық-бұқаралық іс-шара өткіздік. Жалпы, облыс аудандарында бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бөліп-жаратын ешқандай көрсеткіш жоқ. 

- Президентіміз өңірлерде ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Бұл орайда басқарма тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Былтыр ұлттық спорттың қандай түрлерінен үйірмелер ашылды?

- Ақтөбе облысында былтыр ұлттық спорттың 10 түрі дамытуға бар мүмкіндік жасалды.

2023 жылға қарағанда өткен жылы секциялар саны 32-ге көбейді. Осылайша өңірде 1048 үйірме жұмыс жасап тұр. Оның ішінде ауылдық жерлерде 614 үйірме бар. Ал оларға қатысатындардың саны — 34 673 адам. 2023 жылмен салыстырғанда былтыр олардың саны 1422 адамға көбейді. Жалпы облыстағы жаттықтырушылар саны 560 адам болса, оның 325-і — ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндер.

Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға 120 млн теңге бөлінеді

Қазіргі таңда Ақтөбеде облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Онда 8 спорт түрі дамуда. Ұлттық спорт түрлерінен секцияларға барлығы 682 оқушы қатысады. Атап айтсақ, асық атудан -70, аударыспақпан - 53, жамбы атудан -25, жекпе-жектен - 82, көкпардан - 84, қазақ күресінен - 263, теңге ілуден - 49, тоғызқұмалақтан – 56 оқушы.

Ақтөбе облысының спортшылары ұлттық спорт түрлері бойынша ел чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр 7 спортшымыз I орынды жеңіп алса, 5 спортшымыз II орынды, 11 спортшымыз III орынды иеленді. Атап айтсақ, өткен жылы тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаттары Алматы, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Талдықорған және тағы басқа қалаларда ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, қазақ күресінен жерлестеріміз Шымкент қаласында өткен чемпионатта үздік атанып, 6 спортшымыз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жетістікке жетті.

Сондай-ақ, облыс құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында өткен Ұлы дала жорығы халықаралық турнирінде 3-орынды иеленді. Жалпы, 2024 жылы ұлттық спорт түрлері бойынша өңірімізде 27 іс-шара өткізіліп, оған 1957 адам қатысты.

Ал биыл облысымызда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге 120 миллион теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр.

- Бүгінде өңірімізде Балалар футбол академиясы жұмыс істейді. Бұл академияға кімдер қабылданады? Қандай жетістіктері бар? Футболға ерекше ынталы жастарға қандай жағдай жасалады?

- Футбол академиясы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болып ашылды. Қазір мұнда 1000-ға жуық бала жаттығады. Қатысу тегін. Балаларға спорт мектебі деңгейінде барлық жағдай жасалған. Бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес мектеп әкімшілігі ұйғарған жарыстардың барлығына қатысуға мүмкіндігі бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы