Ақтөбе облысында тағы бір ауылға газ тартылды

Полтавка ауылын газдандыру жобасының жалпы құны 581,4 млн теңгені құрады.

 Ақтөбе облысының әкімдігі 19 Шілде 2026, 09:44
19 Шілде 2026, 09:44
376
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Байторысай ауылдық округіне қарасты Полтавка ауылына табиғи газ берілді. Елді мекенде 99 аула бар, онда 316 адам тұрады.

Салтанатты рәсімге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Мәртөк ауданының әкімі Медет Искаков, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Аслан Айтбаев, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.

Бүгін Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының нақты нәтижесін көріп отырмыз. Полтавка ауылын табиғи газға қосу – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және жайлы тұрмыс жағдайын жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі. Өңірді газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында халықты газбен қамту деңгейі 97,5 пайызға жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы саны 13 мыңнан астам тұрғыны бар 31 елді мекен табиғи газға қосылды. Биыл тағы 3,7 мың адам тұратын сегіз ауылды көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жалпы саны 2 126 тұрғыны бар бес елді мекенге табиғи газ жеткізілді.

Жобаны «GazMart» ЖШС жүзеге асырды. Құрылыс аясында ұзындығы 6,4 шақырым болатын жеткізуші газ құбыры тартылып, қажетті инженерлік инфрақұрылым толықтай салынды.

Наверх