Ақтөбе облысында шегіртке көбейіп жатыр

21 Мамыр 2024, 11:43
513
Бөлісу:
Ақтөбе облысында шегіртке көбейіп жатыр
Фото: primeminister.kz

Ақтөбе облысында италия шегірткесі дернәсілдерінің жаппай шығуы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шегіртке — егістік пен бау-бақшаның басты жауы. Сондықтан дер кезінде шегірткені жоймаса, бұл үлкен залал келтіреді.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, биыл өңірде 784,4 мың гектар жерге үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 533,5 мың гектары жер арқылы, 250,9 мың гектары әуе арқылы өңделеді.

Биыл мамыр айының басында республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Ақтөбе облысы бойынша филиалы дабыл қағып, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Байғанин, Шалқар, Темір, Қобда аудандарында италия шегірткесі дернәсілдерінің алғашқы шығуы тіркелгенін айтқан-ды. Ал жуырда 4 ауданда осы шегіртке түрінің жаппай шығуы тіркелді. Қазір біз үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын бастадық. Мәселен, 15 мамырда Ойыл ауданында жерүсті желдеткіш бүріккіштердің көмегімен 510 гектер жер өңделді, — дейді Құсайын Сәрсембай.

Биыл облыста үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлініп, оған 55,3 мың литр препарат сатып алынған. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға 100-ден астам техника жұмылдырылады. Оның ішінде 64-і жерүсті желдеткіш бүріккіш болса, 24-і — аэрозолдық генератор, 12-сі — жеңіл авиация, 5-еуі — аса жеңіл авиация.

Сондай-ақ биыл саяқ шегірткелерге қарсы 46,1 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 304 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінде конкурс қорытындысы бойынша «Ақтөбе Құнарлылық» ЖШС жеңімпаз болып, келісімшарт жасалды, — дейді Сәрсембай.

Өзгелердің жаңалығы