Сайлаудың алдын ала қорытындысына сәйкес биылғы Президент сайлауына Ақтөбе облысындағы сайлаушылардың 72,81 пайызы қатысқан, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін сайлау нәтижелеріне қатысты Ақтөбе облыстық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов баспасөз мәслихатын өткізіп, тұрғындардың сайлаудағы белсенділігі жөнінде мәлімет берді.
Оның айтуынша, биылғы кезектен тыс Президент сайлауы кезінде Ақтөбе облысында жалпы саны 517 сайлау учаскесі жұмыс істеген. Өңірде 14 аумақтық сайлау комиссиясы құрылып, оған 3575 адам мүше болған.
Биылғы сайлауға Ақтөбе облысындағы 560 952 сайлаушының 408 430-ы қатысты. Өңірде сайлау науқаны кезінде ешқандай заң бұзушылықтар болған жоқ. Байқаушылар учаскелік сайлау комиссияларының қорытынды хаттамаларын жоғары сайлау комиссиясына тапсыру жұмыстарын қатаң бақылауда ұстады, — деді облыстық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.
Оның айтуынша, сайлауға қатысқан 408 430 ақтөбеліктің 2,09 пайызы немесе 8536-сы Қарақат Әбденге, 2,33 пайызы немесе 9517-сі Нұрлан Әуесбаевқа, 4,63 пайызы немесе 18908-і Жигули Дайрабаевқа, 1,01 пайызы немесе 4125-і Мейрам Қажыкенге, 2,28 пайызы немесе 9312-сі Салтанат Тұрсынбековаға, 331 041-і немесе 81,06 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз дауыстарын берген.
Биыл Ақтөбе облысында 4311 адам алғаш рет сайлауға қатысса, 3408 байқаушы учаскелерде сайлаудың әділ өтуін бақылаған. Аталған байқаушылардың 16-сы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атынан қатысыпты.
Президент сайлауында облыс бойынша бес аудан өте белсенділік танытты. Олардың қатарында Ойыл, Қобда, Қарғалы, Ырғыз, Хромтау аудандары бар. Жалпы өңірдегі әрбір сайлау учаскесіне 7-8 байқаушыдан бекітілді. Облыстағы 517 сайлау учаскесінде 2001 онлайн сервис қызметі жұмыс істеді. Оларға өз ұсыныс-тілектерімен 200-ден адам жүгінді, — дейді комиссия төрағасы.
Айта кету керек, 2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында Ақтөбе облысы сайлауда белсенділік таныту жағынан алдыңғы үш облыстың бірі болған еді. Онда облыс бойынша 568 000 сайлаушының 84,9 пайызы өз үміткерлері үшін дауыс берген.