Ақтөбе облысындағы төрт ауданда бірнеше жылдан бері спорт кешендерінің құрылысы аяқталмай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған 4 кешен
Ырғыз, Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандарында салынып жатыр.
Ырғыздағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталды, жуырда ашылады. Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы кешеннің құрылысы былтыр қайта жанданды, бұл нысан биыл 1 маусымда қолданысқа беріледі. Хромтаудағы спорт кешенінің құрылысын аяқтау үшін біз мердігер ұйымды анықтауға конкурс жарияладық. Мердігер ұйым жуырда анықталады. Ал Әйтеке би ауданы Жүргенов ауылындағы спорт нысанына қатысты қазір сот процесі жүргізілуде. Бұл кешеннің де құрылысы биыл бітуге тиіс. Жалпы бұл нысандарға жауапты мердігерлер өз жұмысын орындамай, тастап кеткен. Қазір біз нарық бағасына сәйкес құрылыс материалдарының құнын сәйкестендіріп, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін жұмыс жасап жатырмыз, — дейді А.Жарасбаев.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстағы 50-ге жуық тірек ауылда спорт кешендері бой көтерген. Биыл жыл соңына дейін өңірде 13 спорт нысаны пайдалануға берілмек.
Ақтөбе облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаревтың айтуынша, бүгінде өңірде 1643 спорт нысаны бар. Былтыр 14 спорт кешені салынған.
Биыл өңірімізде 33 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 19-ы қолданысқа беріледі. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені, футбол академиясы, облыстық дене шынықтыру диспансері де салынады, — дейді Е.Гончарев.