Ақтөбе облысында пневмониямен ауырған 350-ге жуық науқас ауруханада жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, 348 науқастың 262-сі 14 жасқа дейінгі балалар болса, 50-і — 1 жасқа дейінгі балалар. Ал жүкті әйелдер арасында пневмониямен ауырған 2 науқас тіркелген. Жалпы жыл басынан бергі өңірдегі пневмониямен аурушаңдық көрсеткіші 37,4 құрап отыр.
Биыл Ақтөбе облысында эпидемиялық маусымда 155 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирусты инфекциялардың белгілерімен тіркелді. Бұл — жалпы облыс тұрғындарының 16,7 пайызы. Ал аурушаңдық көрсеткіші — 16 734,26. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 65,3 пайыз болса, жіті респираторлық вирустық инфекцимен ауырған 1 жасқа дейінгі балалардың үлесі — 6,9 пайыз. Сондай-ақ жүкті әйелдердің үлесң — 0,26 пайыз. Осы кезеңде өңірімізде 2331 оқушы респираторлық вирусты инфекция белгілері бойынша медициналық көмекке жүгінді. Олардың арасындағы аурушаңдық көрсеткіші — 1460,85, - дейді ол.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында тұмау вирусына мониторинг жүргізу мақсатында полимеразды тізбекті реакция әдісімен сынама жүргізу барысында 2288 үлгі зерттеліп, оның 192-сінен А типті тұмау (H1N1 штаммы) анықталған. Мұндай типті тұмаумен ауырғандардың 69,2 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 4,1 пайызы — жүкті әйелдер.
Бұдан бөлек біз тұмау емес вирустарға да сынама алдық. Нәтижесінде 782 сынама зерттеліп, оның ішінде 32 үлгісінен оң нәтиже анықталды. Атап айтсақ, 32 үлгінің біреуі риновирус болып шықса, 31-і — аденовирус, - дейді М.Сербаев.
Айта кету керек, биыл облыста тұмаумен ауырғандар саны 1,3 есеге азайып отыр.