Ақтөбе облысында сотқа мемлекеттік сатып алу және салық саласы бойынша шағымданатындар көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Төлеев айтып берді.
Оның айтуынша, биыл облыстық сотқа түскен шағымдардың 233-і немесе 32,5 пайызы кері қайтарылған.
Соңғы жылдары өңірімізде мемлекеттік сатып алу, салық және жер беру саласында даулар көбейіп, сотқа жүгінгендердің саны артты. Мәселен, былтыр осындай шағым түсіргендердің 238 талап-арызы немесе 39,7 пайызы қайтарылды. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 138-бабының 6-тармағына сәйкес 2023 жылы 118 арыз қайтарылса, биыл олардың саны 132-ге жетті, — дейді Ербол Төлеев.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері облыста аталған мәселелер бойынша барлығы 550 іс аяқталса, былтыр қаралған істердің саны — 483. Сондай-ақ өткен жылдан аяқталмаған 120 іс қалған.
Облыс соттарына 2023 жылы 511 талап-арыз түссе, биыл 598 әкімшілік іс түскен болатын. Шағымдардың саны бойынша олар бірнеше санатқа бөлінеді. Атап айтсақ,сот орындаушыларының әрекетсіздігін даулау бойынша – 154, салық саласындағы даулар бойынша – 80, жер даулары бойынша – 60, тұрғын үй даулары бойынша 50 іс қаралды. Сонымен қатар биыл көктемде болған су тасқынына байланысты тұрғындардан 36 әкімшілік арыз-шағым түсті. Олардың 33-і медиаторлық келісіммен шешілді, — дейді сот алқасының төрағасы.
Айта кету керек, биыл облыстық сотта қос тараптың татуласуы бойынша 82 іс аяқталған. Бұл сотқа түскен істердің — 15 пайызы. Оның ішінде татуласумен — 3, медиация келісімі арқылы — 78, партисипативтік рәсім тәртібімен бітімгершілікке келумен бір іс шешілген. Ал былтыр мұндай 52 іс қаралған.