Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметшілердің 56 пайызы — қыз-келіншектер

22 Маусым 2022, 16:45
1448
Бөлісу:
Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметшілердің 56 пайызы — қыз-келіншектер

Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 4083 мемлекеттік қызметші бар, өңірдегі штаттың жасақталуы – 95,9%. Осылардың ішінде қыз-келіншектердің үлесі — 56,6%.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Бисекешеваның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 39,2. Орташа мемлекеттік қызмет өтілі – 12,3 жыл. Атқаратын лауазымдағы орташа еңбек өтілі —4,1 жыл.

Бүгінде өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің арасында жасы 50-ден жоғары қызметшілердің үлесі 18,8 пайыз болса, 40-49 жас аралығындағы қызметшілердің үлесі —21,9 пайыз, 30-39 жас аралығындағы қызметшілердің үлесі – 37,5 пайыз, сондай-ақ 22 жасқа дейінгілердің үлесі — 1 пайыз. Ал облыстағы ең жас мемлекеттік қызметші Ойыл ауданының Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Жақсылық Байманов биыл 20 жасқа толған, — деді басқарма басшысы.

«Мемлекеттік қызмет және гендерлік көрсеткіштер» тақырыбында өткен брифингте Гүлмира Бисекешова мемлекеттік қызмет саласында жүрген әйелдердің үлесі соңғы жылдары біршама артқанын, дегенмен бүгінде мемлекеттік қызметке келушілердің арасында ерлер қауымының саны көбейгенін атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың 1-тоқсанында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға байланысты өткен 210 байқауда әйел адамдардың үлесі 40 пайыз ғана болған. Ал меритократия қағидаты негізінде биыл облыста 18 қызметші жоғары лауазымға тағайындалса, оның 39 пайызы қыз-келіншектердің үлесіне тиесілі.

Сондай-ақ, облысымызда 10 ауылдық округті қыз-келіншектер басқарып отыр. Мәселен, Қобда ауданы Жарсай ауылдық округінің әкімі Роза Байгелдинова мен  Қарғалы ауданы Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова 12-13 жылдан бері ауылды басқарып, тұрғындардың мәселесін шешуде, елді мекендерді дамытуда өзгелерге үлгі болып отыр. Бұдан бөлек, агенттіктің бастамасымен кішкентай балалары бар болғандықтан, бүгінгі күні мемлекеттік органдарда еңбек ететін 93 мемлекеттік қызметшіге икемді жұмыс кестесі арқылы қызмет етуге рұқсат етілді. Мәселен, Әйтеке би ауданы әкімі аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімшесінің бас маманы Айгүл Төретаева отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Сондықтан оған  отбасылық жағдайына байланысты қызметте осындай жеңілдік қарастырылды, — дейді Г.Бисекешова.

Айта кету керек, ертең облыста Мемлекеттік қызметшілер күніне орай үздік мамандар марапатталатын болады.

Өзгелердің жаңалығы