Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, елімізде мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлікпен айналысуына рұқсат етілмейді. Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметшілердің осы Заңды бұзғаны анықталды.
Заң бұзған екі мемлекеттік қызметшіні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті анықтаған.
Аталған екі мемлекеттік қызметшінің бірі ауылдық округте жетекші маман болып қызмет етсе, екіншісі облыс орталығындағы спорт мектептерінің бірінде директордың орынбасары болып жұмыс істейді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұрболат Махмұтовтың айтуынша, екі қызметшіге сот 140 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 154-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілер жеке кәсіппен айналысса, олардың ақшасы, бағалы мүліктері тәркіленеді. Сондай-ақ оларға шамамен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді ол.
Департамент бас маманының айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерге қатысты тағы бір іс қозғалған. Ақтөбе облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімі басшысы жұмысқа орналасу кезінде уәкілетті органға декларация тапсырмаған адамды басшылық лауазымға тағайындаған. Аталған іс бойынша бөлім басшысы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеген.
Былтырдан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 11-бабы жаңа редакцияда қолданылады. Яғни, мемлекеттік лауазымға немесе оған теңестірілген қызметтерге орналасатын үміткерлер активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынуға тиіс. Биыл осы заңды бұзған басшыға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 680-бабы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданбау) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жалпы өткен 4 айда департамент 9 әкімшілік іс қозғады, оның алтауы сыбайлас жемқорлыққа қатысты, - дейді бас маман.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 61-бабы 1-тармағының 11-тармақшасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзған мемлекеттік қызметшілер қызметтен кетеді. Және мемлекеттік қызметке кіргенге дейінгі үш жыл ішінде құқық бұзып, әкімшілік жаза қолданылған азаматтар мемлекеттік қызметке қабылданбайды.