Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында мереке қарсаңында медицина саласының 86 қызметкері марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Халық алғысы» медалін, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілерін алған азаматтар бар.
Мерекелік шараға Ақтөбе облысының орталығында және аудандарда еңбек етіп жүрген 1000-нан астам медицина саласының қызметкері қатысты. Олардың арасында тәжірибелі, елге танымал дәрігерлер де, жас мамандар да бар.
Пандемия кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлер қауымына алғысын айтып, оларға «Бүгінгі күннің батырлары» деп баға берген-ді. Міне, мерекелік шарада сол үш жыл ішінде халықты инфекциядан емдеп, күні-түні еңбек еткен дәрігерлер марапатталды. Соның бірі - Ақтөбе қаласындағы «Дару», «Көз жарығы» клиникаларының бас дәрігері Изольда Каландия. Ол Президенттің Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Пандемия кезінде біздің клиникаларымыздың мамандары үздіксіз еңбек етті. Тіпті, қиындықтарға қарамай, біз жаңа клиника салып та, халықты қажетті еммен, дәрі-дәрмекпен қамтып та үлгердік. Жалпы пандемия кезінде өңірдегі барлық мамандар жұмыла жұмыс істеді. Осы еңбектің арқасында бүгін, міне, осындай марапатқа ие болып тұрмыз. Бұл менің ғана емес, менің ұжымымның жетістігі деп ойлаймын, - дейді ол.
Изольда Каландияның негізгі мамандығы - терапевт. Оның бас дәрігер болып жұмыс жасағанына көп жыл болған. Ал осы салада еңбек еткеніне биыл 32 жыл толыпты. Оның қарамағында 750-ден астам қызметкер бар.
Сондай-ақ мерекеде марапатталғандардың бірі - Шалқар аудандық ауруханасының дәрігер-рентгенологы Төлепберген Назарбаев. Ол марапаттау рәсімінде «Медицина саласының еңбек ардагері» төсбелгісін алды.
Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 46 жыл болды. Бұған дейін рентгенология, анестезиология, педиатрия салаларында көп жыл еңбек еттім. Қазір зейнеткерлікке шықсам да қызмет етіп жүрмін. Біздің ауруханада екі дәрігер-рентгенолог бар, соның бірі - мен. Қазір заман талабына сай ауруханамыз соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Ауданымызда медицина саласы жыл артып дамып келеді, - дейді ол.
Төлепберген Назарбаевтың отбасында үлкен қызы Рауан әкесінің жолын қуыпты. Кішкентайынан дәрігер болуды армандаған ол - бүгінде тәжірибелі маман. Рауан Назарбаеваның Ақтөбе қаласы Жаңақоныс ауылында жеке клиникасы бар.