Ақтөбе облысында Маржанбұлақ ауылындағы бұлақтың айналасы абаттандырылды

Экологиялық акция аясында бұлақтың маңы тазартылып, тұрғындардың жайлы демалуына арналған инфрақұрылым жасалды.

 Ақтөбе облысының әкімдігі 11 Шілде 2026, 20:53
11 Шілде 2026, 20:53
122
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Бұл бұлаққа Ақтөбе облысының тұрғындары көп жылдан бері таза ауыз су алу үшін арнайы келеді. Абаттандыру жұмыстарынан кейін бұлақтың айналасы ретке келтіріліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалды.

Жұмыстың аяқталуына арналған салтанатты шараға облыс әкімі Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов қатысты. Олар бұлақ аумағын аралап, жүргізілген жұмыстардың нәтижесімен танысты.

Бұл – бір ғана бұлақты абаттандыру емес, туған жерге деген құрметтің, табиғи байлықты аялаудың және келер ұрпаққа деген жанашырлықтың көрінісі. Бұлақтар ежелден ауыл өмірінің ажырамас бөлігі, ауыз су көзі әрі табиғат тазалығының белгісі саналған. Осындай табиғи нысандарды абаттандыру Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде қолға алынды. Ақтөбе облысында Маржанбұлақтан бөлек, тағы 14 бұлақты тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – мұндай бастамаларға жергілікті тұрғындардың өзі белсенді атсалысып, туған жердің табиғи байлығын сақтауға үлес қосуда, – деді Асхат Шахаров.

Жүргізілген жұмыстар барысында Маржанбұлақтағы бұлақ аумағы толық жаңартылып, келушілерге барынша қолайлы етіп жабдықталды. Бұлаққа түсетін баспалдақ пен тұтқалар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселді. Бұлақтың өзі табиғи таспен сәнделді.

Келушілер үшін орындықтар қойылып, күннен және жауын-шашыннан қорғайтын шатыр орнатылды. Аумақ түгелдей металл қоршаумен қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлзарлар жасалып, еңістер бекітілді. Бұлаққа баратын жол мен оған іргелес аумақ та ретке келтірілді.

Жоба биыл демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Оның жалпы құны 5,9 миллион теңгені құрады. Жұмысты «Rahmet Group» ЖШС атқарды.

«Мөлдір бұлақ» көп жылдан бері Маржанбұлақ ауылындағы көрікті орындардың бірі саналады. Таза суының арқасында мұнда жергілікті тұрғындар ғана емес, Ақтөбе қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары да жиі келеді.

Шара соңында Асхат Шахаров жобаның жүзеге асуына атсалысқан барша азаматқа алғыс айтып, мұндай табиғи нысандарды сақтау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдірді.

Наверх