Ақтөбе облысында көрнекі ақпараттардан 425 қате анықталды

26 Тамыз 2024, 16:12
360
Бөлісу:
Ақтөбе облысында көрнекі ақпараттардан 425 қате анықталды

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында тіл мамандары 332 кәсіпкерлік нысанындағы көрнекі ақпараттардан 425 қате анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, биыл мамыр айынан бастап облыстың 12 ауданында 270 нысанда түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ облыс орталығындағы 332 кәсіпкерлік нысаны тексерілген. Нәтижесінде көрнекі ақпараттардан 425 қате анықталып, Тіл туралы заңнама талаптарын сақтау ұсынылған.

Жыл басынан бері облыстағы кәсіпкерлік нысандарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, ірі сауда және тамақтану орындарында Тіл туралы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында 2600-ден астам жарнама мәтіні сараланып, бұзушылық болған 772 жарнама мәтінін түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетілді, 541 жарнама мәтіні түзетілді, — дейді Амангелді Қонақбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста жыл басынан бері атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген үш білім беру ұйымының атауы қайта аталған. Атап айтсақ, Қобда ауданындағы Калиновка орта мектебі — Бесқұдық орта мектебі, Калиновка бөбекжай-бақшасы — Жерұйық бөбекжай-бақшасы, Хромтау ауданындағы Просторный бастауыш мектебі — Жазық бастауыш мектебі болып өзгертілген.

Қазіргі таңда идеологиялық тұрғыдан атаулары ескірген елді мекендерді қайта атау мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған жол картасы әзірленуде. Аталған жол картасына енгізу үшін биыл Мәртөк ауданындағы Родниковка, Вознесеновка ауылдарын, Родников ауылдық округін, сондай-ақ қаладағы басқа да 53 құрамдас бөлік атауын қайта атау ұсынылды, — дейді Амангелді Қонақбаев.

Өзгелердің жаңалығы