Астана қаласында өткен «Investment Aktobe-2022» VII Халықаралық инвестициялық форумы барысында өңірде мұнай-химия саласын дамыту мәселесі айтылды.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Рetrochemical enterprise «GEM» ЖШС компаниясының директоры Михаилас Барильчук Мұғалжар ауданының Жем қаласында мұнай-химия кешенін салу жөніндегі жобаны іске асырудағы өзара іс-қимыл туралы тиісті құжатқа қол қойды.
Ауқымды жоба Мемлекет басшысының мұнай-химия секторын дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару туралы тапсырмасын орындау аясында іске асырылады. Инвестор 200 МВт көлемінде электр энергиясын өндіру жөніндегі энергетикалық блогы бар мұнай-химия өнімін өндіру үшін мұнай шикізаты мен газды қайта өңдеуді жүргізеді. Қуаттылығы жылына 5 млн. тонна болатын кәсіпорында 1000 жұмыс орны құрылады, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Рetrochemical enterprise «GEM» ЖШС жобаны іске асыруға әлемге әйгілі бірнеше компанияны, соның ішінде өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа мамандандырылған Lotte Engineering & Construction Co., Ltd компаниясын тартуға ниетті.
2027 жылы пайдалануға берілетін жобаның құны - 1,5 трлн теңге.
Ақтөбе облысының әкімдігі өз тарапынан жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
«Investment Aktobe-2022» форумына 30-дан астам елдің дипломатиялық миссиялары, Үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі шетелдік және отандық бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Халықаралық іс-шара өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, қолайлы инвестициялық имиджді ілгерілету, сондай-ақ Ақтөбе облысының экономикасына отандық және шетелдік инвестициялардың келуін одан әрі ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.