Ақтөбе облысында кәріз суын тазарту құрылғысы жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталды

10 Қараша 2022, 11:42
1170
Бөлісу:
Ақтөбе облысында  кәріз суын тазарту құрылғысы жобасын жүзеге асыру  жұмыстары басталды

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласында кәріз суын тазарту құрылғысын салу бойынша жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге аталған жобаны қаржыландыратын Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысты.  

Облыс орталығындағы негізгі экологиялық мәселелер 1981 жылы пайдалануға берілген кәріз суын тазарту құрылғыларымен тікелей байланысты.

Құрылғылардың техникалық жағдайы 2008 жылдан бастап қанағаттанарлықсыз күйде. Бір сөзбен айтқанда, тазарту құрылғыларындағы жабдықтар физикалық жағынан да, моральдық жағынан да ескірген. Тиімділігі 30 пайыздан аспайды, — деген облыс әкімі жобаның Ақтөбе қаласы үшін маңызы зор екенін жеткізді.          

Бүгінгі таңда жобаны іске асыру бойынша оның дайындық барысынан бастап нысан құрылысы толық аяқталғанға дейін Жол картасы әзірленіп, бекітілді.   

Біз жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және мемлекеттік сараптама жүргізуге гранттық қаржы бөлеміз. Мақсатымыз – келесі жылы құрылысты бастау үшін жобаға ертерек қол қою. Біз бірлескен тиімді ынтымақтастыққа мүдделіміз, — деп атап өтті ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Хусейн Озхан.   

Қазіргі уақытта ағынды суларды тазарту сапасының төмендігі Елек өзенінің ластануына әкеп соғуда. Бұдан бөлек, Ақтөбеде жағымсыз иістің пайда болуына кәріз суын тазарту құрылғыларының тозығы жеткендігі – себеп.   

Жоба аясында ағынды суларды тазарту үшін энергия үнемдеудің заманауи технологиялары мен жетілдірілген өндірістік жабдықтарды пайдалану  қарастырылған. Жаңа кәріз суын тазарту құрылғысы салынса, тазартылған ағынды сулардың сапасы едәуір артады деген сенім мол. Тіпті, ол суару жүйесінде қолданылуы мүмкін. Жобаны жүзеге асыру Ақтөбе қаласының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді.   Облыс әкімі тиісті мемлекеттік орган басшыларына кәріз суын тазарту құрылғысының құрылысына қатысты мәселелерді ерекше бақылауға алып, жедел шешуді тапсырды. 

Өзгелердің жаңалығы