Ақтөбе облысында газ тапшы ма?

24 Шілде 2024, 11:43
991
Бөлісу:
Ақтөбе облысында газ тапшы ма?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл сайын шілде-тамыз айларында сұйытылған газға сұраныс артады. Оған басты себеп — көліктердің көбеюі мен бөлінетін газ қорының жеткіліксіздігі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Ақтөбе облысында сұйытылған газ бағасы 59 теңге тұрады. Шалғайдағы ауылдық жерлерде — 64 теңге.

Такси жүргізушісі Айдын Мұқат өткен аптада қалада газ тапшылығы байқалғанын айтады. Себебі ол бекетте кезекте ұзақ уақыт тұрған. 

Заречныйға барар жолдағы бекетте бір сәтте-ақ көлік көбейіп, ұзын-сонар кезек пайда болды. Жүргізушілер жиналып, бекет кассирінен сұрап едік, «газ жетпей жатыр» деді. Өкінішке қарай, жыл сайын қалада газ тапшылығы қалыпты жағдайға айналып барады. Білмеймін, көлік көп пе, әлде газдың қоры аз ба? Түсінбедік, — дейді ол.   

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, өңірде 56 480 көлік газбен жүреді. Сондай-ақ ай сайын 25 мың транзиттік көлік облыс арқылы өтеді. Осы себептен облыста сұйытылған газға деген қажеттілік 16 800 тоннаға жетіп отыр. Алайда өңірге бөлінетін газ қоры қажеттіліктің 66%-ын ғана жабады. 

Энергетика министрлігі газ қорын бөлгенде транзиттік көлікті есепке алмайды. Сол себепті жыл сайын жазғы кезеңде өңірде газ тапшылығы байқалады. Мәселен, министрлік шілде айына облысқа 10 960 тонна газ бөлді. Алайда бұл жеткіліксіз, — дейді А.Салықбаев. 

Оның айтуынша, қазір басқарма Энергетика министрлігіне облысқа ай сайын кемінде 5 мың тонна қосымша газ бөлу туралы ұсыныс дайындап жатыр. 

Сондай-ақ бұл мәселені жою үшін басқарма Маңғыстау облысының газды бөлудегі тәжірибесін Ақтөбе өңірінде де қолдануды мақсат етіп отыр. Оған мысал, өңірде зауыттардың газ өндіру көлеміне қарамастан Маңғыстау облысы айына 16 мың тонна газ алып отыр. 

Өзгелердің жаңалығы