Ақтөбе облысының әкімі тапсырмасымен облыстық Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева Байғанин ауданына жұмыс сапарымен барып, табиғи апаттан зардап шеккен білім беру ұйымдарының жағдайын тексерді.
Сапар барысында Қ. Мұқамбетқалиұлы атындағы мектеп-гимназия, Қарауылкелді ауылындағы №2 және №3 орта мектептер, Қарауылкелді орта мектебі, «Шұғыла», «Шаттық», «Рауан» бөбекжай-балабақшалары және Байғанин техникалық колледжі қаралды.
Тексеру нәтижесінде қолайсыз ауа райының салдарынан бірқатар нысандардың шатырлары, терезелері мен сыртқы қабырғаларына зақым келгені анықталды. Жауапты мекемелерге қалпына келтіру жұмыстарын жедел ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Білім басқармасының мәліметінше, жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде басталған. Барлық зақымданған білім беру ұйымдары жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық қалпына келтіріліп, оқушыларды қабылдауға дайын болады.