Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысында бұрынғы әкімдер қайта сайлауға түсіп жатыр

8 Мамыр 2025, 16:44
758
Бөлісу:
 BAQ.KZ  архив
Фото: BAQ.KZ архив

18 мамырда Ақтөбе облысында ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әкімдер сайлауы Алға, Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Ырғыз аудандарында өтеді. Бүгінде кандидаттарды тіркеу аяқталған.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, сайлау науқаны басталғаннан бері кандидат ретінде 45 адам ұсынылған. Бүгінде оның 41-і тіркелген. 41 кандидаттың 9-ы — “Amаnат” партиясынан, біреуі – “Ауыл” партиясынан, 31-і — өзін-өзі ұсынушылар. Бір округке 3 үміткерден түсіп отыр.

Кандидаттардың орташа жасы 40-та болса, ең жасы — 25-те.

Биыл сайлау Алға ауданының Қарағаш, Мұғалжар ауданының Қайыңды, Жем, Қобда ауданының Білтабанов елді мекенінде мерзімінен бұрын өтіп жатыр. Себебі әкімдер басқа қызметке ауысуына немесе қоныс аударуына байланысты орын бос қалып тұр. Ал қалған округтер әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталған. Жалпы, сайлауда үміткерлерге қатаң талаптар қойылады. Оларды мемлекеттік қызмет департаменті қадағалайды. Қазір кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар 16 мамыр түнгі 00.00-ге дейін жалғасады. 17-сі — тыныштық күні. Ал 18-інде 7.00-ден 20.00-ге дейін дауыс береді. Сайлауда 6 ауданда 41 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оларда 27 226 сайлаушы бар, - дейді ол.

Ойыл аудандық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Бисекеновтің айтуынша, ауданда сайлау екі округте өтеді. 

Көптоғай және Саралжын ауылының әкімдері алғаш рет 2021 жылы сайланған болатын. Биыл олардың мерзімі аяқталды. Дегенмен екі әкім де биыл тағы сайлауға түсіп отыр. Олармен қатар сайлауға білім, бюджеттік сала өкілдері түседі. Жалпы, дауыс беру екі округтегі 9 учаскеде өтеді. Оларда 2014 сайлаушы бар, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы