Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысының Алға ауданындағы «Лиман Газ» газ құю бекетінде болған өртте бір жеңіл автокөлік, бір жүк тиегіш техника, сондай-ақ жалпы ауданы 22 шаршы метр болатын ғимарат өртеніп кетті.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті аса маңызды істер бойынша аға анықтаушы Сансызбай Мұқановтың айтуынша, қазір бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
17 шілде күні кешкі сағат 18.51-де Ақтөбе облысының Алға қаласындағы Абай көшесінде орналасқан «Лиман Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автогаз құю бекетінде газ сұйықтығы жанып, оның соңы өртке ұласты. Өрт болған жерге департаменттің 26 қызметкері және 7 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде өрт кешкі сағат 20.42-де толықтай сөндірілді. Қазір осы өрт оқиғасынан кейін жауапты органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді ол.
Сансызбай Мұқановтың айтуынша, өрт кезінде департамент қызметкерлерінің күшімен 2 тиегіш техника мен сыйымдығы 54 текше метр болатын цистерна жарылыстан құтқарылған. Өрт оқиғасынан қаза болған немесе зардап шеккен азаматтар жоқ.
Алыстан өрттің жалынын көріп, қорқып қалдық. Дегенмен өрт сөндірушілердің ыждағаттылығы мен кәсібилігінің арқасында өрт уақытында сөндірілді. Өрт бөгде ғимараттарға, үйлерге таралмады. Соған қуандық, — дейді Абай көшесінің тұрғындары.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жаз айларында сақтық шараларын қатаң ұстануға, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Өрт шыққан жағдайда дереу 101 не 112 нөміріне хабарласу қажет.
Өрттің нақты неден шыққанын алдағы уақытта хабарлайтын боламыз. Қазір шығындар да есептеліп жатыр, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті аса маңызды істер бойынша аға анықтаушы Сансызбай Мұқанов.