Ақтөбе облысында жылына 700 мың тоннаға дейін битум шығаратын зауыт салынады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен брифингте Ақтөбе облыстық индустриялық инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаев айтып берді.
Битум зауытының жобасы алдағы уақытта жүзеге асырыла бастады. Жобаны жүзеге асыратын компания — «Батыс Битум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құны — 23,5 млрд теңге. Зауыттың қуаттылығы — жол және құрылыс салалары үшін қажет 700 мың тонна битумды байланыстырғыш. Зауыт салу жобасы былтыр өңірде битум тапшылығы пайда болған кезде басталды. Егер зауыт салынса, еліміздің батыс өңірі толық битуммен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ облысымызда болаттың арнайы маркаларын шығаратын алғашқы кәсіпорын бой көтереді. Зауыт жақын және алыс шет елдерден жыл сайын 1 млрд долларға немесе 625 мың тоннаға сатып алынатын арнайы болат дайындамаларын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл металлургия мен машина жасау саласындағы қазақстандық зауыттарды толықтай шикізатпен қамтамасыз ететін болады, — деді ол.
Нұртуған Оралбаев биыл Ақтөбе облысының экономикасына 193 млрд теңге инвестиция тартылғанын, жыл аяғына дейін инвестиция мөлшері 1 трлн, теңгеге дейін жеткізілетін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы үш жыл ішінде өңірде жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 16 ірі жоба іске асырылады. Атап айтсақ, алдағы жылдары Ақтөбеде Қазақстан бойынша 800 метрлік жіксіз рельс шығаратын алғашқы кәсіпорын салынады. Бұл кәсіпорынның өнімдері болашақта еліміздегі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының темір жол құрылысындағы қажеттіліктерін толығымен қамтымақ. Сондай-ақ алдағы үш жыл ішінде Дөң тау-кен байыту комбинатында жиналған шламдар қайта өңделіп, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқыту цехтары жаңғыртылады, ERG компаниясына қарасты «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезегі салынады. Сондай-ақ құны 30 млрд теңгелік медициналық бұйымдар шығаратын зауыт пен диализаторлар шығаратын зауыт бой көтереді.
Сонымен қатар облыста жылу сақтайтын материалдар өндіретін зауыт салынады. Жобаның құны — 5,3 млрд теңге. Бұл орайда шикізат, яғни қойдың жүні облыстағы жеке шаруашылықтардан сатып алынатын болады. Міне, осы негізгі жобаларды жүзеге асырсақ, облыстың экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты артатын болады, — деді Н.Оралбаев.
Айта кету керек, қазір облыстағы шаруалар қойдың жүнін өткізетін жер таппай отыр. Ауылдық жерлерде қойдың жүнін ешкім алмайды. Тіпті, қазір малдың терісі де арзанға бағаланады.