Ақтөбе облысында балалар арасында қызылша ауруы көптеп таралып жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев айтып берді.
Оның айтуынша, қазір Ақтөбе облысында қызылша инфекциясының таралуына орай эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болып отыр. Өйткені ақпан айынан бастап өңірде осы аурумен ауырған 20 жағдай тіркелген.
20 жағдайдың 11-і зертханалық жолмен расталып отыр. Оның ішінде ауырған науқастардың 10-ы — 14 жасқа дейінгі балалар. Зертханалық жолмен расталған 11 жағдайдың 8-і сырттан әкелінген болса, бір жағдай науқаспен қатынаста болғандар арасында тіркеліп отыр. Қазір біз облыс бойынша осы аурудың алдын алуда жұмыстанып жатырмыз, — деді ол.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінде тіркелген науқастардың көбі - қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Олардың арасында әсіресе балалар вакцина алмаудың салдарынан инфекция жұқтырып отыр.
Қазіргі таңда қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді қорғану әдісі – вакцина алу. Қазақстан Республикасының ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, елімізде қызылша инфекциясына қарсы иммунитет қалыптастыру үшін балаларды бір жасында егу керек. Сондай-ақ 6 жаста ревакцинациядан өткізу қажет. Бұдан бөлек, қызылша ауруымен ауырған науқаспен қатынаста болған, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдар да екпе салдыруы керек, — деді ол.
Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары аурудың алдын алу мақсатында ата-аналарға балаларын уақытында қызылшаға қарсы ектіруге, егер бала түрлі себептерге байланысты екпе алмаған жағдайда, оны көпшілік жиналатын жерлерге апармауға кеңес береді.
Сондай-ақ аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде-ақ міндетті түрде дәрігерге көрсету ұсынылады. Атап айтсақ, бұл аурумен ауырғандарда дене қызуы көтеріліп, мұрыннан су ағады, жөтел, денеде бөртпе пайда болуы мүмкін.
Вакцина — ең тиімді тәсіл. Сондықтан балаңыздың өмірі мен денсаулығы үшін екпе салдырыңыздар. Қазір жаз айы, сол себепті балалар арасында ішек инфекциялары да көбеюі мүмкін. Сол үшін барынша сақтанып, балаларға қамқор болыңыздар, — деді Мұхтар Сербаев.