Ақтөбе облысындағы Жайсаң арнаулы білім беру ұйымының басшылары мен бас есепшісі артық мөлшерде жалақы алып келген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл заң бұзушылықты Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары анықтаған.
Департамент басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, биыл мекеме мамандары аталған білім беру орнына аудит жүргізген. Нәтижесінде 2023 жылғы қаңтардан 2024 жылғы наурызға дейінгі кезеңде жалақыны есептеу мен аударудың дұрыстығын тексеру кезінде жалпы мөлшері 17 млн 768 мың теңге негізсіз аударылғаны анықталған.
2023 жылы - 13 523,5 мың, 2024 жылы 4 244,8 мың теңге білім беру орнының басшыларына негізгіз аударылған. Мысалы, 5 947,8 мың теңге мекеме басшысына, 5 515,5 мың теңге бас есепшіге, 2 179,4 мың теңге директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына, 4 125,6 мың теңге мекеменің қызметкерлеріне жіберілген. Сондай-ақ педагогтердің жалақысына қосымша ақы есептеудің дұрыстығын тексеру барысында бір тәрбиешінің біліктілік тестін тапсырмағаны, алайда оған 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың наурызына дейін жалпы сомасы 1 220,5 мың теңге мөлшерінде ақы төленгендігі анықталды. Тексеру нәтижесінде «педагог-сарапшы» біліктілік санатын беру туралы ұсынылған педагог куәлігі жарамсыз деп танылды, - дейді Сәкен Қасымов.
Тексеруден кейін департамент басшысы Ақтөбе облыстық білім басқармасына аталған білім беру ұйымынан анықталған бұзушылықтар бойынша жауапты адамдардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жіберген. Нәтижесінде басқарма ұйым басшысын тәртіптік жауапкершілікке тартса, бас есепшіге — сөгіс, директордың орынбасарына ескерту берген. Бүгінде жауаптылар артық төлемдерін толығымен өтеген.