Ақтөбе облысында алаяқтық деректері көбейген

11 Қараша 2022, 14:05
885
Бөлісу:
Ақтөбе облысында алаяқтық деректері көбейген

Ақтөбе облысында соңғы үш жылда алаяқтық деректері едәуір көбейген. Биыл мұндай қылмыстың 1488 дерегі тіркеліп отыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Қалдығали Мирмановтың айтуынша, биылғы 10 айда Ақтөбе облысында Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша 1488 дерек тіркелсе, оның 897-сі — интернет алаяқтығы.

Өңірдегі жалпы алаяқтық деректерінің 70 пайызы — интернет алаяқтығы. Құқық қорғау органдарының биылғы бұл қылмыстарды ашу көрсеткіші — 59,5 пайыз. Өткен жылғы бұл бағыттағы көрсеткіш 37,5 пайызы болды. Облыста тіркелген қылмыстардың дені Ақтөбе қаласында болған. Себебі мұнда халық көп тұрады, тұрғындар қосымшалар мен әлеуметтік желілерді көп пайдаланғандықтан, интернет алаяқтығы да жиі орын алады, — дейді полиция майоры.

Оның айтуынша, интернет алаяқтығының көп тіркелу себебі — тұрғындар сенгіш және халықтың қаржылық сауаттылығы аз. Өйткені көп жағдайда алаяқтар телефонға хабарласқанда, азаматтар өз есепшоты туралы ақпаратты лезде беріп қояды, банк карталарының реквизиттерін еш күмәнсіз айтып береді. 

Егер тұрғындар сауатты болса, қылмыскерлер де мұндай қылмысқа бара алмас еді. Бұл жерде алаяқтар адамдардың аңғалдығын пайдаланып отыр. Мәселен, бүгінде басқа мемлекетте отырып, еліміздегі азаматтарды алдайтындар көп. Олар шетелге ақша қаражатын шығарады. Студенттердің, жағдайы жоқ адамдардың атынан банк карталарын рәсімдеп, сол арқылы мол табысқа кенелуді көздейді. Мұндай деректер соңғы үш жылда көбейді. Сондай-ақ қазір фейсбук сияқты әлеуметтік желілерде адамдардың аты-жөні, олар туралы жеке ақпараттар жазылып тұрады. Міне, әлгі фейсбуктегі адамның қандай телефон нөмір арқылы сол желіге бекітілгенін анықтайтын арнайы телеграм боттар бар. Соны пайдаланып, алаяқтар ақпарат жинап, несие рәсімдейді немесе тұрғындардың қаржысын ұрлайды. Сондай-ақ қазір өтірік банк қызметкері болып, азаматтардың қаржысын ұрлайтындарды, инвестиция жарнамалап, пайда табатындарды ұстау мүмкін болмай отыр, — дейді Қ.Мирманов.

Алаяқтық деректерінен бөлек, биыл Ақтөбе облысында бөтеннің мүлкіне қол сұғу дерегі бойынша 2195 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 475-і пәтер ұрлығы болса, ұялы телефон ұрлығының саны — 653, түсті металдар ұрлығының саны — 58, автокөлікте болған ұрлық деректерінің саны — 13, қалта ұрлығының саны — 185, сондай-ақ 71-і — мал ұрлығы. 

Ұрлық жасау деректері жылдан-жылға азайып келеді. Мысалы, пандемия кезінде ұрлық деректері азайды, керісінше интернет алаяқтығы көбейді. 2021 жылы Ақтөбе облысында 2393 ұрлық дерегі тіркелсе, биыл мұндай қылмыстың саны — 2195. Яғни, биылғы көрсеткіш 8,3 пайызға төмендеп отыр, — дейді криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Қалдығали Мирманов.

Өзгелердің жаңалығы