Ақтөбе облысында әкімдер сайлауына кімдер түсіп жатыр?

2 Шілде 2024, 19:00
454
Бөлісу:
Ақтөбе облысында әкімдер сайлауына кімдер түсіп жатыр?
Фото: BAQ.KZ - архив

7 шілдеде Ақтөбе облысындағы 5 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, сайлау «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 113-1-бабына сәйкес өтеді.

7 шілдеде Ақтөбе облысындағы бір аудандық маңызы бар қала мен 5 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді. Қарғалы ауданындағы Әлімбет, Қобда ауданындағы Бегалы, Мәртөк ауданындағы Аққұдық, Байнассай, Шалқар ауданындағы Жаңақоныс ауылдық округтерінде, сондай-ақ Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында халық әкімдерді өздері сайлайды. Әкімдер сайлауы жаңашылдыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Себебі тұрғындар өз ұсыныстарын айта алады, жергілікті деңгейде билікке деген сенім артады, — дейді Нұрлыбек Жүсіпов.

Оның айтуынша, өңірде жыл соңына дейін тағы 6 ауылдық округте әкімдер сайлауы болады.

Осы аптада Мәртөк ауданындағы екі ауылдық округте тұрғындар әкімдерді өздері сайламақ. Қазір кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мәртөк аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Тынысбаевтың айтуынша, әкімдер сайлауына Аққұдық ауылдық округінен — 3, Байнассай ауылдық округінен 3 кандидат түсіп отыр. Олардың барлығы — мемлекеттік қызметшілер.

Сайлауға түсіп отырған 6 адам да жоғары білімі, тәжірибесі бар мамандар. Барлығы талапқа сәйкес құжатын тапсырып, жарналарын төледі. Сайлау кезінде Аққұдық ауылдық округінде — 7, Байнассай ауылдық округінде 2 участок жұмыс істейді. Екі округте жалпы саны 1270-ке жуық сайлаушы дауыс береді.

Биыл ауданда Хазрет ауылдық округінде де әкім сайлауы өтті. Халықтың қолдауымен ол жерге сол ауылдың азаматы сайланды, — дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы