Ақтөбе облысында 759 тұтынушының құқығы бұзылған

2 Қыркүйек 2024, 19:13
463
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 759 тұтынушының құқығы бұзылған

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 759 тұрғын құқықтары бұзылғаны жайлы құзырлы органдарға шағым түсірген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева айтып берді.

Биыл департамент мамандары тұтынушылардың құқықтарын бұзу бойынша 759 өтінішті қарады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 59 өтінішке көп. Қаралған  өтініштердің 44 пайызы бөлшек сауда болса, 11 пайызы — тұрмыстық қызметтерге,  23 пайызы — электрондық саудаға, 7 пайызы —  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, 15 пайызы басқа да салаларға қатысты, — дейді Гүлзада Алматбаева.

Бас маман соңғы жылдары өңірде электрондық сауда саласындағы бұзушылықтар саны көбейгенін айтады. Мәселен, былтырғы көрсеткішке қарағанда биылғы көрсеткіш 52 дерекке көп. Сондай-ақ ақтөбеліктер арасында тұтынушылардың құқықтарының бұзылу деректерімен қоса тұтынушылық талаптары да, мәдениеті де жоғарылаған. 

Биыл департаментке келіп түскен өтініштердің 72 пайызы, яғни 436 деректің мәселесі шешілді. Сондай-ақ 167 тұтынушыға түсініктеме беріліп, құқықтық көмек көрсетілсе, 103 өтініш бойынша тұтынушылар тиісті мемлекеттік мекемелерге жіберілді. 38 тұтынушы мәселесі шешілгеннен кейін өтініштерін кері қайтарып алды, ал 15 өтініш тамыз айында қарауға берілді. Жалпы, 7 айдың қорытындысы бойынша облыста  тұтынушыларға жалпы сомасы 106,5 миллион теңге материалдық залал өтелді, — дейді Гүлзада Алматбаева.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 160 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы мөлшері  1 млн 161 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. 

Өзгелердің жаңалығы