Ақтөбе облысында 656 тұтынушының құқығы бұзылған

2 Шілде 2024, 17:48
201
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 656 тұтынушының құқығы бұзылған
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 656 тұтынушы құқығының бұзылғанын айтып, шағымданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бағжан Тілегеновтің айтуынша, биыл өңір тұрғындарынан түскен шағымдардың үлесі 11 пайызға артып отыр. 

Бұл тұтынушылардың құқықтарының жиі бұзылатынын, сондай-ақ тұтынушылардың өз құқығын қорғауға деген белсенділігі артқанын көрсетеді. Биылғы көрсеткіштерді талдап қарасақ, шағымдардың дені бөлшек және электрондық саудаға қатысты. Біз департаментке түскен өтініштерді қарап, олардың 60 пайызын (394) шешіп бердік. Сондай-ақ 121 тұтынушыға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетілді. Осылайша 6 ай ішінде  тұтынушыларға жалпы мөлшері 91 миллион теңге қаржы қайтарылды, — дейді Бағжан Тілегенов. 

Оның айтуынша, көбіне тұтынушылар құқығының бұзылуы 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастап, қайтарудан бас тарту, сапасыз тауарды жөндеуге келісім бермеу, орындалмаған қызмет үшін қаражатты қайтармау, т.б. жағдайларға байланысты тіркеледі. 

Биылғы жылдың 6 айында Ақтөбе облысында сауда қызметі және тұтынушы құқығының бұзылуына қатысты 128 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара қабылданды. Оның ішінде тұтынушы құқығы бойынша 22, сауда саласы қызметінің бұзушылықтары бойынша 106 іс тіркелді. Нәтижесінде тұтынушыларға қызмет көрсететін 90 мекеменің басшысы мен жеке кәсіпкерлерге ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылып, 38 тұлғаға айыппұл салынды, — дейді Бағжан Тілегенов.

Айта кету керек, биыл аталған департамент мамандары тұтынушылардың құқығы бұзылуына қатысты өңірде болған 31 сот процесіне қатысқан.

Өзгелердің жаңалығы