Ақтөбе облысында 4 адам суға батып кетті 

20 Шілде 2022, 14:28
2893
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 4 адам суға батып кетті 

Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде белгіленбеген аймаққа суға түскен 4 адам суға батып кетті. 

Оның біреуі 16 жастағы жасөспірім болса, үшеуі — кәмелетке толғандар. 
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар деапртаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Жанболат Төлепбергеннің айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облысында мұндай 16 қайғылы жағдай тіркелген. Нәтижесінде 10 ересек адам, 6 бала суға кетіп қалған. 

 Биыл жаз мезгілі басталысымен су айдындары мен жағажайлардағы жаппай демалу орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеміз. Соған қарамастан суға кетіп қалғандардың саны күрт көбейіп отыр. Мәселен, өткен тәулікте ғана бір бала мен үш жігіт суға батып кеткен. Нақтырақ айтсақ, кеше, яғни, 19 шілде күні Ақтөбе қаласына жақын орналасқан Өрлеу ауылында тұратын екі ағайындының Елек өзеніне батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Оның бірі жасөспірім болса, біреуі — кәмелетке толған жігіт. Біз екі сүңгуір қайықпен оларды іздеп, сүзгімен алып шықтық. Өкінішке қарай, екеуі де көз жұмды. Сондай-ақ кеше кешкі сағат 22.30 шамасында Қонаев көшесі аумағында белгіленбеген жерге суға түскен 2002 және 2003 жылғы екі жас жігіт суға батып кеткен. Қазір біз осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін Ақтөбе облыстық полиция департаментімен бірлесіп, жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — дейді ол. 

Биыл Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп жүргізген жұмыстардың нәтижесінде суға түсуге тыйым салынған 220 қауіпті аумақ анықталған. 

Оның ішінде 25-і Ақтөбе қаласының аумағында болса, Әйтеке би ауданында — 22, Алға ауданында — 1, Байғанин ауданында —6, Қарғал ауданында — 26, Ырғыз ауданында — 11, Мәртөк ауданында — 6, Мұғалжар ауанында — 24, Темір ауданында — 16, Ойыл ауданында — 21, Қобда ауданында — 25, Хромтау ауданында — 12, Шалқар ауданында 25 қауіпті аймақ табылған. Ал облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген орындардың саны — 72. Оның 51-і коммуналдық меншік болса,  21-і — жекеменшік орын. 

Қазір Ақтөбе қаласында 3 суда құтқару станциясы жұмыс жасап тұр. Оларда тәулік бойы құтқарушылар үшін кезекшілік жасақталған. Биыл бірыңғай сервис 112 жобасын іске асыру аясында FSM-эксперт мобильді қосымшасы сынақ режимінде іске қосылды, онда барлық жабдықталмаған және ықтимал қауіпті суға түсу аймақтарын қадағалауға болады. Коммуналдық және жеке жағажайларда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін 18 медициналық пункт дайындалды. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтердің нәтижесінде 355 адам әр түрлі заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біз тұрғындарға суға түскенде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеміз. Әсіресе, балалар арасында қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін барынша сақтық шараларын қолдануға шақырамыз. Су — тілсіз жау, сондықтан сақтанып жүрейік, — дейді капитан Ж.Төлепберген. 

Өзгелердің жаңалығы