Ақтөбе облысында 320 ауылдың 168-інде ғана газ бар

10 Қыркүйек 2024, 16:11
494
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 320 ауылдың 168-інде ғана газ бар
Фото: pixabay.com/ru

Ақтөбе облысында 320 елді мекеннің 52,5 пайызы ғана көгілдір отынмен қамтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, биыл облыста 27 елді мекенді газдандыру үшін 21 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның бесеуі өткен жылдан бері іске асырылып жатса, 16-сы - жаңа жоба.

Биыл облыста 1500-ге жуық халқы бар үш ауылға газ құбыры тартылады. Олар — Мұғалжар ауданының Жарық, Темір ауданының Алтықарасу, Еңбекші ауылдары. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» қоры облыстағы 20 елді мекенді газдандыру мақсатында 9,2 миллиард теңге қаржы бөлді. Сондай-ақ қосымша 4 ауылды көгілдір отынмен қамту үшін облыстық бюджеттен 365,2 миллион теңге бөлінді, - дейді Ізбасарова.

Оның айтуынша, келер жылы Ақтөбе облысында ауылдарды газбен қамту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылатын болады. Мәселен, биыл «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ облыстық филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданы Қожасай ауылында басталған газдандыру жұмыстары келер жылы аяқталады. Сондай-ақ 2025 жылы облыста 9 ауыл көгілдір отынмен қамтылады. Бүгінде оның үшеуінің құжаттары әзірленсе, алтауының құжаттары дайындалып жатыр.

Осы жобалар жүзеге асырылса, 2025 жылы елді мекендердің 64 пайызы, сондай-ақ облыс халқының 97,2 пайызы газбен қамтамасыз етіледі, - дейді Ізбасарова.

Айта кету керек, қазір облыста Ақтөбе қаласы мен оған іргелес жатқан елді мекендерді, сондай-ақ кәсіпорындарды газбен жабдықтау мақсатында «Бұхара-Орал» магистралды газ құбырының үшінші желісін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа 43,1 млрд.теңге қаржы бөлінген. Бұл жоба қараша айында аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы