Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысында 300-ге жуық шешен ұлтының өкілі тұрады

15 Сәуір 2025, 13:35
1076
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде Ақтөбе облысында 90-ға жуық ұлттың өкілі тұрады. Өңірде 17 этномәдени бірлестік бар. Солардың бірі — "Вайнах" шешендер этномәдени бірлестігі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай біз облыста алғаш боп құрылған бірлестіктердің қатарындағы аталған орталықтың төрағасы Насруди Саламовпен әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Насруди Сайталиевич, алдымен Ассамблеяның 30 жылдығы мен шешен халқының Қазақстан жеріне қоныстану тарихы, бірлестіктің құрылуы жайлы айтып берсеңіз.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызметінің бірі — этникалық топтарды біртұтас ұлтқа біріктіру. Бұл орайда биыл 1 наурызда Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығына қол қойылғанына 30 жыл толды. Ал 1995 жылы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде қоғамның барлық мүшесін біртұтас ұлт етіп біріктіру тұжырымдамасы жарияланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы көші-қон үдерістерін тұрақтандыруға қуатты серпін беріп, оған Мемлекет басшысының өзі төрағалық етті.

Ақтөбе облысында 300-ге жуық шешен ұлтының өкілі тұрады

Бүгінде Ассамблея барша қазақстандықтардың өз болашағы мен Отаны үшін жауапкершілік сезімін арттыратын диалог пен пікірталас алаңына айналды. Өзінің отыз жылдық тарихында Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан конституциялық институтқа айналды. Осы 30 жыл ішінде еліміздің ұлтаралық қақтығыстарға бой алдыруына жол бермеген Ассамблеяның зор табысын мойындауымыз керек. Ассамблея әркім өзінің қабілетін дамытып, этномәдени сұранысын қанағаттандыратын үлкен орталық болды. Оның ішінде "Вайнах" этномәдени бірлестігінің де өңіріміздегі Ассамблея жұмысына қосқан өзіндік үлесі мол.

Тарих беттерін ақтарсақ, 1944 жылы ақпан айында көптеген шешен ұлтының өкілдері туған жерлерін тастап, еріксіз қоныс аударды, мал-мүлкінен айырылды. Депортация жүздеген мың адамның өмірін қиды және олардың дамуына жол бермеді, барлық құқықтарынан айырып, тіпті туыстарымен хат алмасуға мүмкіндік бермеді. Жер аударудың қиын және ұзақ жылдарында шешен халқы қазақ елімен жақындасып, қазақ қоғамымен интеграцияланды. Міне, осы кезеңнен бері шешен халқы Қазақстан жерінде қоныстанып қалып қойды. Кейін Қазақстан тәуелсіздік алып, елде Ассамблея құрылған соң өзге де этнобірлестіктер сияқты шешендер Ақтөбе жерінде "Вайнах" этномәдени бірлестігін құрды. Осы жылдар ішінде "Вайнах" ұлттық-мәдени бірлестігінің қалыптасуына белгілі азаматтар — Хасан Сағаев, Богдан Омаров, Мұса Абдулкадыров, Шайх-Магомед Чакаев, Абдулбек Хараев және тағы басқалар үлкен үлес қосты. Ал бірлестіктегі маңызды мәселелерді шешуде, азаматтардың жеке мәселелерін қарастыруда ақсақалдар кеңесі үлкен рөл атқарды. Аталған кеңес құрамында Әбубақар Сургаев, Богдан Омаров, Саламбек Хараев, Сұлтан Билалов, Адам Осупов сияқты тұлғалар болып, бірқатар мәселелерді шешті. Қазіргі уақытта ақсақалдар кеңесінің жұмысын Саламбек Хараев бастаған жаңа құрам жалғастыруда.

2019-2022 жылдары "Вайнах" этномәдени бірлестігін Хасан Сағаев басқарды және ол ұлттық орталықтың басшысы ретінде өзіне жүктелген барлық міндетті тиісті дәрежеде атқарды. 2022 жылдың ақпан айында оның ұсынысы бойынша сайлау өткізілді, онда бірлестік төрағасы болып мен сайландым. Содан бері бірлестік мүшелерінің басын қосып, өңірдегі ұлттық-мәдени шараларға атсалысып келемін.

- Биыл сіз басқарып отырған орталықтың құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Ақтөбе облысы бойынша қандай кең көлемді шаралар өткізілді? Жалпы, өңірде шешен халқының қандай ұлттық мерекелері тойланады? Биыл қандай іс-шаралар өтті?

- Басқа этномәдени бірлестіктермен бірге "Вайнах" ұлттық-мәдени орталығы барлық мемлекеттік және басқа да мерекелерді ұйымдастыруға және өткізуге атсалысып келеді. Бүгінде Нәжимитдин Сардалов, Альбек Ибрагимов, Вахид Сулиманов, Махмұд Мадаев, Тахир Масаев, Элик Сатаев, Хусейн Гудаев, Рамзан Сугаипов, Имран Сугаипов, Магомед Сугаипов сияқты диаспора өкілдері орталықта өткізілетін барлық іс-шараға белсенді қатысады және қайырымдылық көмек көрсетумен де айналысады.

Ақтөбе облысында 300-ге жуық шешен ұлтының өкілі тұрады

Сонымен қатар бірлестікке сот-медициналық сарапшы, дәрігер-нарколог Дмитрий Островский келіп, іс-шараларға белсенді қатысып, жастармен және студенттермен әртүрлі тақырыптарда, атап айтқанда нашақорлықтың зияны туралы кездесулер өткізіп тұрады.

Сондай-ақ, орталықтың барлық қоғамдық іс-шараларына белсене қатысатын және республикада азаматтық қоғамды қалыптастыру мәселелері бойынша қоғамдық пікірталастар мен дөңгелек үстелдерге қызығушылықпен қатысатын Ризван Гудаев, Мансур Сугайпов және Адам Сугайпов сияқты бірлестік жанындағы жастар қанатының өкілдері бар.

Бүгінде орталықтың жарқын тұлғаларының бірі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Асма Билалованы ерекше атап кету керек. Ол өмірлік қиын жағдайға тап болған аналармен кездесулер өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып жүр. Сондай-ақ, оқушылармен, студенттермен кездесулер өткізіп, тәлім-тәрбие, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ерекшеліктер туралы құнды кеңестер беруде.

"Вайнах" этномәдени бірлестігінде ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға, сақтауға, шешен халқының тарихын, тілін зерттеуге үлкен көңіл бөлінеді. Бірлестікте "Синкьерам" шешен би кештерін өткізу дәстүрге айналған, онда жастар бір-бірімен танысып, оқыған-тоқығандарын ортаға салып, өзара пікір алмасады. Ал 2003 жылдан бері өңірімізде өткізіліп келе жатқан шешен халқының депортациялау күніне арналған еске алу кештері жас ұрпаққа тарихымызды, тілімізді тануға ерекше ықпал етуде. Бірлестігімізде жастар спорттық жарыстар да ұйымдастырады. Мәселен, бірлестіктің белсенді мүшелері, атақты спортшыларымыз Ваид Магомадов пен Альберт Ахмаевты ақтөбеліктер жақсы таниды.

Ақтөбе облысында 300-ге жуық шешен ұлтының өкілі тұрады

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгерген Макка Мажидова мен Милана Хаджиеваларды біз үнемі мақтан тұтамыз. Олар — облыстық байқаулардың жеңімпаздары. Мәселен, Милана Хаджиева — қазақ тілінің оқытушысы. Сондай-ақ бірлестіктің мүшесі Елена Қайхарова өз бастамасымен қазақ тілін оқыту курстарын ашып, оны барлық этнос өкілдеріне жүргізуде.

Жалпы, бүгінде ұлттық және ұлтаралық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу, шешендердің тарихы мен тілін, мәдениетін зерделеу, ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, басқа этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылды нығайту, Қазақстан аумағында және шет елдерде шешендердің мәдениетін, өнері мен тарихын оқыту — біздің орталықтың басым бағыттары. Қазір Ақтөбе облысында 300-ге жуық шешен ұлтының өкілі болса, олардың барлығы өзге ұлт өкілдерімен бірге бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түрі басқа, тілегі бір ұлт өкілдері арасында ауызбіршілік пен татулықтың болуы — Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымының жемісі. Жыл сайын біз өзге ұлт өкілдерімен бірге өңірімізде Наурыз мейрамын, Ораза және Құрбан айт мерекелерін тойлаймыз. Ал біздің, шешендердің, ұлттық мерекелері тойланбайды. Біз үшін Қазақстанда тұратын барлық адам мемлекеттік және діни мерекелерді ортақ тойлап, бір-біріне өз тілегін, ықыласын білдіріп жатса содан артық бақыт, құндылық жоқ.

— Қазір бірлестікте 300-дей мүше бар екенін атап өттіңіз. Олар қандай салаларда еңбек етеді?

- Бүгінде Ақтөбе облысында тұратын шешендердің барлығы бірлестік жұмысына атсалысады. Мәселен, қазір өңірімізде екі айлық тазалық акциясы өтуде. Бірлестік мүшелері осы акцияға атсалысып, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты алаңын, өздері жұмыс істейтін мекемелер аумағын күл-қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып жатыр. Мемлекет басшысы бастама көтерген "Таза Қазақстан" акцияның мән-маңызы да осында. Мақсат — бірлесіп, еңбек етіп, тұрған аумағымызды тазарту, қоршаған ортаға үлес қосу. Бұл тұрғыда "Вайнах" ұлттық-мәдени орталығының жастары әрдайым белсенді.

Ал олардың қызметтеріне келсек, өңірдегі шешендер түрлі салаларда — өндіріс, ауыл шаруашылығы, сауда, мемлекеттік қызмет, басқа да салаларда еңбек етіп жүр. Жеке кәсіп ашқандар да жетерлік. Жалпы, біз өңірлік Қазақстан Халқы Ассамблея ұйымдастыратын барлық іс-шараға белсенді түрде қатысамыз. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамаймыз. Мәселен, былтыр облыста болған су тасқыны кезінде зардап шеккендерге барынша қайырымдылық көрсетіп, қолдан келгенше қолдау таныттық.

- Сөз соңында өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қай салада еңбек еттіңіз? Ақтөбе жерінде қашаннан бері тұрып келесіз?

- Мен Шешенстан Республикасы Грозный қаласында туғанмын. Сол жерде орта мектепті аяқтап, сосын әскерге шақырылдым. 1981-1983 жылдары Талдықорған қаласында әскери борышымды өтедім. Әскерден келген соң осы елде қалып, құрылыс саласында еңбек еттім. Ал 1991 жылдан бері Ақтөбе қаласында тұрамын. Мұнда қазір жақындарым жоқ. Барлығы Шешенстанда тұрып жатыр. Өзім 22 жыл құқық қорғау саласында қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде еткен еңбегім еленіп бірнеше жыл "Мінсіз қызметі үшін" медалімен, сондай-ақ "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісімен марапатталдым. Осыдан бірнеше жыл бұрын зейнеткерлікке шықтым.

Бұған дейін көп жыл "Вайнах" ұлттық-мәдени орталығының төрағасының орынбасары қызметін атқарғанмын. 2022 жылдан бері бірлестікті басқарамын. Мен осындай көпұлтты, тәуелсіз елде тұрып жатқаныма қуанамын. Пейілі кең, дархан қазақ халқына ризамын. Соңғы кезде бірлестіктің өзге мүшелерімен бірге мемлекеттік тілді меңгеру үшін арнайы курс оқып жүрмін. Қазақша жақсы түсінемін, тек сөйлеуге ұяламын...

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы