Ақтөбе облысында 280 шақырымға жуық жол жөнделеді

Кеше, 23:24
163
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 280 шақырымға жуық жол жөнделеді
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында жолдарды қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Жиын барысында келер жылдың өзінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілетін нысандар аталды.

Естеріңізге сала кетейік, Көлік министрі Марат Қарабаевтың ел өңірлеріне жұмыс сапары жалғасуда. Жауапты ведомствоның басшысы мердігер ұйымдармен Ақтөбе облысының жолдарын қайта жаңарту және орташа жөндеу барысын талқылады. Сапар аясында бұл төртінші аймақ. Бұған дейін министр Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында болды.

Қазір Ақтөбе облысында 124 шақырымға жуық жол жөндеуден өтіп жатыр. Бұл «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Ақтөбе-Ұлғайсын» жолдары. Жыл соңына дейін мамандар ұзындығы 96 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қандыағаш» жолын халыққа пайдалануға береді. Асфальтбетон жұмыстары 90 пайызға орындалды, жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Басым жобалардың бірі «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолын қайта жаңғырту.
Сонымен қатар, «Қазақстан Даму Банкінің» қарыз қаражаты есебінен жолдарды орташа жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама аясында ағымдағы жылы «Ақтөбе-Қобда», «Қандыағаш-Шалқар» екі учаскесінде ұзындығы 33 шақырымды құрайтын жұмыстар аяқталды және олар пайдалануға берілді. 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын тағы екі нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.

Кездесу барысында ең ауқымды жұмыстар 2025 жылы жалғасатыны белгілі болды. Ол кезде жалпы ұзындығы 280 шақырым болатын 12 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл «Қарабұтақ-Денисовка», «Ұлғайсын-Ырғыз», «Ақтөбе-Орск» сияқты нысандар.

Өзгелердің жаңалығы