Биыл тасқын кезінде Ақтөбе облысында 15 бөгетті ағын су бұзып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында жалпы саны 206 гидротехникалық құрылыс бар. Бұл құрылыстардың 611,8 млн текше метр су сақтайтын мүмкіншілігі бар.
Биыл су тасқыны кезінде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет бұзылды. Олардың қатарында Әйтеке би ауданындағы Щербаков, Тереңсай, Алға ауданындағы Көсем бөгеттері бар. Бұл нысандар бойынша құрылыс-монтаждық жұмыстарға 2 жыл кепілдік бар, яғни мердігер мекемелер бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстарын өз есебінен жүзеге асыруыға тиіс. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары басталды,- дейді Жомарт Бақыткелді.
Бұдан бөлек, тасқын кезінде бұзылған Ойыл ауданындағы Ақкемер, Қаратал бөгеттеріне гидротехниктер тексеру жұмыстарын жүргізген. Биыл бұл бөгеттерге құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Ал Темір ауданындағы Қара дамба бөгетіне «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.
Қопа бөгетінің де жобасы дайындалып, мердігер мекеме анықталған. Алдағы уақытта бұл ауданда Қопа, Алтықарасу, Шитүбек бөгеттеріне құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілмек.
Қобда ауданындағы Сауқайың, Батыс бөгеттерін қалпына келтіру үшін құжаттар дайындалып, сараптамадан өтуде. Жыл соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ Жарық, Қоғалы, Кенетай бөгеттерін қалпына келтіру үшін ауданда тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал Хромтау ауданындағы Мағаджан бөгетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде, - дейді Жомарт Бақыткелді.