Ақтөбе облысындағы шаруаларды қуаңшылық алаңдатады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өткен айда «Қазгидромет» РМК биыл еліміз бойынша Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қарағанды Қызылорда облыстарында қуаңшылық болады деп болжам жасаған болатын. Қазір қуаңшылықтың алдын алуда Ақтөбе облысында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. «Қазгидромет» мекемесі мамандарының болжамы бойынша қуаңшылық қаупі бар аудандар қатарында Әйтеке би, Хромтау, Ырғыз аудандары бар.
Ырғыз ауданында шөп шабумен айналысатын шаруашылықтардың басшылары биыл өңірде шөп шығымы аз бола ма деп алаңдап отыр. «Қуан» шаруа қожалығының басшысы Октябрь Нұрмағанбетовтің айтуынша, былтыр ауданда шөптің шығымы өткен жылдармен салыстырғанда 2-3 есе аз болыпты. Биыл да бұл өлкеде жауын-шашын жоқтың қасы.
Ақтөбе қаласының өзінде бірнеше күннен бері толассыз жаңбыр жауып тұр. Ал біздің ауданда жауын-шашын жоқ. Жер кеуіп кетті, биыл Ырғыз өзені де аса қатты тасыған жоқ. Жер құнарсыз, шабындық жердің сапасы нашарлады. Малға азық жинап жатқан шаруалардың уайымы ортақ, ол — шөптің аз шығуы. Қазір ауданда мал саны жыл артып көбейіп жатыр. Оларды азықтандыру, күтіп-баптау бара-бара қиынға соғатын сияқты, — дейді ол.
Ал Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің айтуынша, биыл облысқа қуаңшылық қаупі төніп тұрған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын бірқатар елді мекендерде осындай мәселе болғаны рас. Алайда биыл мұндай проблема жоқ.
Бұл тек «Қазгидрометтің» болжамы ғана. Ал қуаңшылық болған жағдайда біз оған ештеңе істей алмаймыз. Бар болғаны шаруалар уақытында малына азық жинап алуы керек, — дейді ол.
2021 жылы облыстың бірқатар ауылдарында қуаңшылықтың салдары білінген болатын. Соның кесірінен аудандарда шөп бағасы күрт қымбаттап кетті. Мәселен, оған дейін бір тележка шөптің бағасы 40 мың теңге болса, 2021 жылдан бастап мал азығының бағасы 60 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл кешегіге дейін қарапайым тұрғындардың қалтасын қағып келді. Ал биыл шөптің бағасы қанша болатыны белгісіз.
Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есет Молыбевтың айтуынша, бүгінге дейін ауданда 45 мың тонна тонна мал азығы дайындалған. Бұл шамамен 22 пайызды құрайды.
Биылғы жылға мал азығының жоспары — 201 900 тонна. Бұл жалпы саны 2700-ге жуық аулаға есептелген. Қазір шілде айының ортасында 22 пайыз шөп қоры жиналды. Шаруалар қазір күндіз-түні дамыл таппай, шөп шауып жатыр. Жұмылдырылған техникалар саны — 283. Аудан бойынша барлығы 55 бригада еңбектеніп жатыр, — дейді ол.
Оның айтуынша қыркүйек-қазан айына дейін ырғыздық шаруалар 1,5 жылдық мал азығын дайындауы керек. Көрсеткіш 100 пайыз болуға тиіс.
Ал Қарғалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейловтің айтуынша, бұл ауданда биыл 155,6 мың гектарға егіс егілген. Атап айтсақ, дәнді дақылдар көлемі — 117,3 мың гектар, майлы дақылдар — 11 694 гектар, мал азығы дақылдары – 24,8 мың гектар, картоп — 1286 гектар, көкөніс — 503 гектар, бақша дақылдарының көлемі — 36 гектар.
Биыл аудан бойынша көктемгі егіс жұмыстарына 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 112 шаруа қожалығы қатысты. Мемлекет тарапынан аталған шаруашылықтарға 2600 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Дизел отынының бағасы литріне 207 теңгеден берілді. Биылғы егіс жұмыстары агротехникалық талаптарды сақтай отырып, жоспарға сәйкес уақытылы аяқталды. Аудан шаруашылықтармен топырақтың құнарлығын сақтау және өнім көлемін ұлғайту мақсатында 330 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Сонымен қатар арамшөптерге қарсы 95 мың гектар жерді өңдеуге 75 мың литр гербицидтер алынды. Сатып алынған тыңайтқыштар мен гербицидтерге мемлекет тарапынан 50 пайызға дейін субсидия қарастырылды, — дейді ол.
Сондай-ақ бүгінде бұл ауданда суармалы жерді игеру жылдан-жылға қарқын алып келеді. Себебі суармалы егістік — мол өнім кепілі. Ауа райының құрғақ болуына қарамастан бұл бағыт бойынша мол өнімге қол жеткізуге болады. Былтыр аудан шаруашылықтары жалпы соммасы 500,0 млн теңгеден астам қаражатқа 12 дана заманауи суару қондырғысын сатып алған. Соның арқасында биыл ауданда суармалы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда біршама артып отыр.
Аудандағы «Актеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Inter Agro Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Арман», «Айдана» ірі шаруашылықтары есебінен картоп көлемі өткен жылмен салыстырғанда биыл 300 гектарға артты. Картоппен қоса суармалы жерлерге жоңышқа секілді құнарлы мал азығы да егілуде. Ауданымызда орналасқан облыстағы ең ірі Қарғалы су қоймасының қоры биыл 93 пайызға дейін толып, 260 миллион текше метр су жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда су мөлгері 100 миллион текше метрге артық түсті. Табиғаттың берген осындай сыйын пайдалану енді шаруалардың еншісінде, — дейді А.Кеңбейлов.
Сондай-ақ биыл қуаңшылық болады деп болжаған Хромтау ауданында да жағдай қазір бірқалыпты. Ауданда егіс пен мал азығының қорын қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Қазір аудандағы ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары 30 мың гектар жерге улау жұмыстарын жүргізуде. Бұл аймақта итальяндық және саяқ шегіртке көбейген. Әсіресе, аудандағы Бөгетсай, Қопа, Құдықсай, Тасөткел ауылдарында бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Қысқасы, биыл өңірімізде қуаңшылық бола ма, болмай ма, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен шаруалардың қауіптің алдын алып, қысқа нық дайындалғаны дұрыс. Ал сіздің өңірдегі жағдай қалыпты ма?!