Ақтөбе облысында 1 маусым — Халықаралық балалар күніне орай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірде 155 мың бала жазғы демалыспен қамтылады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен брифинг барысында Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова айтып берді.
Биыл Ақтөбе облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар 30 мамырда басталады. Атап айтсақ, 30 мамырда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ғимаратында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Қоғам. Отбасы. Тұлға» атты облыстық ата-аналар форумы өтеді. Оған облыстағы барлық мектептердің ата-аналары, ұстаздары қатысады.
Мереке қарсаңында «Ақбөбек» халықаралық мектебі базасында «Texnofirst – 2023» атты оқушылар фестивалі өткізіледі. Оған облыстағы 6-17 жас аралығындағы робототехника, бағдарламалау, дизайн және модельдеуге қызығушылығы бар талантты оқушылар қатысып, өзара бақ сынап, өнер көрсетеді.
1 маусымда Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңындағы арбатта, «Авиатор» саябағында, «Денсаулық» саябағында, Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде, Есет батыр тұрғын алабындағы алаңда, «Зеңбірек» ескерткіш-белгісі алаңында, сондай-ақ Тұрғындар қалашығы шағын ауданында балаларға арналған мерекелік іс-шаралар өтеді. Бұл шараларда жас өнерпаздар өнер көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынады, спорттық-эстафеталық ойындар ойнатылады, әр түрлі конкурстар ұйымдастырылады. Ал мерекедегі басты шара — Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Бақытты бала» атауымен өтеді. Онда әр түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалардың, жарыстардың жеңімпаздары облыс әкімінің марапатына ие болады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жылдағы дәстүрмен биыл да ақтөбелік балаларға ашық аспан астында әр түрлі ойындар, қызықты байқаулар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, саябақ аумағында қалалық жас натуралистер стансасының хайуанаттар туралы көрмесі, «Ғажайып Ақтөбе» атты қолөнерші балалардың көрме-жәрмеңкесі, «Жас жол инспекторы» қалашығында «Абайлаңыз балалар!», «Балалар арасында тұрмыстық жарақаттың алдын алу, жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыбында практикалық көрсетілімдер өткізілмек. Бұдан бөлек, «Media Pro» шығармашылық орталығы, «Қарақат» мектеп-студиясы, «Алақай» қуыршақ театрының ұжымдары өнер көрсетіп, кішкентай балапандарға қойылымдар ұсынады.
Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, биыл жазғы каникул кезінде облыста жылпы саны 155 мыңнан астам бала сапалы демалыспен қамтылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 394 миллион теңге қаржы бөлініпті. Осы қаржыға әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьмен, 12 мыңнан астам бала мектеп жанындағы жазғы лагерьмен қамтылмақ.
Биыл Ақтөбе облысында балаларға жазғы демалыс ұйымдастыру үшін қала сыртындағы бір мемлекеттік, 8 жеке меншік, сондай-ақ мектеп жанындағы 360 лагерь жұмыс істейтін болады. Бұл лагерьлерде балалар төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Олар спорттық-мәдени шараларға қатысып, білімін толықтырады, спортпен шұғылданады. Қазіргі таңда қала сыртындағы лагерьлер жаз айларында жалпы саны 9228 баланы ғана қабылдай алады. Сондықтан ірі кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан республиканың өзге өңірлерінде орналасқан лагерьлерге теміржолшылардың балалары барады. Сонымен қатар биыл Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарындағы сауықтыру орталықтарында 246 оқушы демалады, — дейді ол.
Оның айтуынша, биыл жаз айларында облыстағы мектептердің жанында жалпы саны 360 лагерь жұмыс істейтін болады. Бірнеше ауысымда бұл лагерьлерде 71 мыңнан астам бала демалмақ. Бұл лагерьлерде демалатын жалпы оқушылардың 46 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ облыстағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазпошта» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Востокнефть» ЖШС, «Востокориол» ЖШС есебінен 6220, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің, ата-аналардың демеушілігі арқасында 24736 бала жазғы демалыспен қамтылмақ. Олардың арасында бірқатар балаларға жаздық сауықтыру шаралары ұйымдастырылмақ.
Биыл Балалар күнінен бастап облыстағы сауықтыру, емдеу орталықтарында жалпы саны 8500-ге жуық бала ем алатын болады. Ал республикалық деңгейдегі балаларға арналған шипажайлар мен орталықтарда 400-ге жуық оқушы демалады. Бұдан бөлек, 10 мыңнан астам бала жазғы демалыс кезінде спорттық шараларға қатысып, суда жүзуді үйренеді, — дейді Бертілеуова.
Биыл үш ай демалыста облыстық тарихи-өлкетану музейі мектеп оқушыларына тегін экскурсиялар жүргізіп, бірқатар оқушылар аудандық білім бөлімдерінің бастамасымен әр түрлі фестивальдерге, байқауларға, саяхаттарға барады. Мәселен, биыл ауылда оқып жүрген 1500-ге жуық оқушы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында «Шұғыла» лагерінде демалады. Сондай-ақ аудандық әкімдіктердің қолдауымен бір күндік экскурсия аясында 5300-ге жуық бала Қобда, Қарғалы, Ойыл, Алға, Темір, Мәртөк, Байғанин аудандарындағы киелі, тарихи жерлерді аралайды. Ал 16-17 жастағы 2000-ға жуық жасөспірім «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында жұмыс жасап, қаланың гүлденуіне үлес қосады, қосымша табыс тауып, елордаға жолдама алады.