Ақтөбе биыл суға кетпей ме?

11 Наурыз 2023, 20:24
1078
Бөлісу:
Ақтөбе биыл суға кетпей ме?
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында қардың тез еруіне байланысты бірқатар көшелер мен шеткі аудандарды су басты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінге дейін шаһар аумағынан 220 мыңға жуық текше метр қар шығарылған. Қазір мердігер мекемелер арнайы техникаларды жұмылдырып, көшелерге жиналған суды сорып, қарды полигонға шығарып жатыр.

Мәскеу ауданының тұрғыны Гүлжан Талшынбаеваның айтуынша, жыл сайын бұл аудан суға кетеді. Ол биыл да қар қалың болғандықтан, аудан тұрғындары «тағы да суға кетеміз бе?» деп қорқып отырғандығын айтады.

Біздің аудан жылда суға кетеді. Көктем шығысымен «теңіздің» ортасында су етікпен көше кезіп жүреміз. Әсіресе, қариялар мен мектепке баратын балаларға қиын. Қыс айларында жауапты мекемелер өз жұмысын тиянақты атқармады. Енді, міне, қар еріп, су болғанда, жанталасып қар шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді ол.

Ал Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ернар Қалауов бүгінде қаладағы төрт ауданда қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, биыл қаланы су басу қаупі жоқ. Барлық жұмыстар облыс және қала әкімдігінің бақылауында. 

Қазір Ақтөбе қаласында 14 мердігер ұйымның жұмысшылары күндіз-түні тынымсыз жұмыс жасап, Шанхай, Құрмыш, Сүт зауыты, Мәскеу аудандарынан қар шығарып жатыр. Бүгінге дейін жалпы мөлшері 218 мың текше метр қар, су толған көшелерден 20 мың текше метр су шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға жүзден астам техника жұмылдырылды. Осы айда қала аумағына бір айлық нормаға жететін қар жауды. Ал ауа температурасының аяқ астынан жылынуына байланысты өткен аптада қалың қар тез еріп, бірқатар қиындықтар болғаны рас, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазір қала бойынша су басу қаупі бар аудандарды қар мен судан тазарту жұмыстарына 230-ға жуық техника мен 150 адам жұмылдырылған. Бүгін де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Құрмыш ауданының тұрғыны Асылбек Ерен қыстай ауласы мен үйінің айналасын қардан жалғыз өзі тазартқанын айтады. 

Оның айтуынша, биыл жауапты мекемелер Құрмыш ауданы көшелерін қардан екі-үш рет қана тазартқан. Ал соңғы жауған қалың қарды ұйым жұмысшылары әлі тазартып жатқан көрінеді.

Қыс бойы техникалар қарды ысырып, жол жанына үйіп кете берді. Соның салдарынан көлік жүретін жолдар тарылып, жүргізушілер қаншама зиян шекті. Жаяу жүргіншілердің де жүруіне қалың қар қиындық әкелді. Міне, ауа температурасы көтерілгенде сол қар еріп, көше жолдары суға толып жатыр. Жауапты ұйымдарға хабарлассақ, олар телефондарын алмайды, «ертең тазартамыз» деп құр сөзбен құтылады. Ал зардап шегетін баяғы қарапайым халық. Мұның барлығы әлгі жауапты мердігер ұйымдардың  өз жұмысын жауапкершілікпен атқармағандығынан болып отыр, — дейді 57 жастағы қала тұрғыны.

Жыл сайын көктемде ақтөбеліктер қар мен судың кесірінен көп зардап шегеді. Көліктер сулы қарға батса, жаяу жүргіншілер көшелерде су кешіп жүреді. Биыл да бұл «дәстүр» жалғасуда. Ендігі көптің тілегі — Ақтөбені қызыл су баспаса болғаны... 

Өзгелердің жаңалығы