Ақтөбе әкімі күре жолдағы байланыс пен қызмет көрсету сапасын сынады

13 Ақпан 2024, 04:24
477
Бөлісу:
Ақтөбе әкімі күре жолдағы байланыс пен қызмет көрсету сапасын сынады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров күре жолдың бойындағы байланыс пен қызмет көрсету сапасының деңгейін сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айтуынша, төтенше жағдайдың салдарымен күресуден гөрі, алдын алу керек. Аймақ басшысы дауыл тұрып, боран соққан күндер кейбір салалардың әлсіз тұсын көрсеткенін, бірқатар мәселенің басын ашқанын атап өтті.

Бірнеше күн бойы жолдар жабылды. Бізде кемпингтер аз, қызмет көрсету жоқтың қасы. Жүк және жеңіл көліктердің қосалқы бөлшектерін сататын, азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша қызмет көрсету саласы дамымаған. Адамдар байланыстың жоқтығынан, қоңырау шала алмаған. Жол бойында өзге елдің, өзге аймақтардың азаматтары тұрып қалды. Олар жолда көп жүретіндіктен, сапалы қызмет көрсету дегеннің не екенін жақсы біледі. Біз жолдар салып жатырмыз. Жол бойындағы объектілерді ашуға бизнес-құрылымдарды қызықтыру қажет. Туризмді дамыту, қызмет көрсету саласын жақсарту қажет. Барлық республикалық маңызы бар автожолдар ұялы байланыспен қамтылуға тиіс, - деп облыс әкімі жауапты басқармалардың басшыларына тапсырма берді.

Өңір басшысы қандай да бір оқиғаның салдарымен күресуден гөрі, керісінше олардың алдын алу үшін жұмыс істеу қажеттігін еске салды. Коммуналдық қызмет, кәсіпорындар және жергілікті атқарушы органдардың ауа райының қолайсыздығына дайын болмауы – жұмыстың нашар ұйымдастырылуының дәлелі деді. Бұл циклон туралы «Қазгидромет» синоптиктері алдын ала ескерткен.

Егер ауа райын болжаушылардан алдағы күндердің нашарлауына қатысты хабарлама келіп түссе, мұндай оқиға қайталанбауы үшін бригадаларды қала сыртындағы сумен жабдықтау нысандарына алдын ала жіберу керек. Ақтөбедегі Алтын орда шағын ауданы тұрғындарының сусыз қалғанын елестетудің өзі мүмкін емес. Сорғыларды қоса алмаған деген не сұмдық?!Электр желілері бойынша да мәселелерді шешу қажет. Қала әкімі бау-бақша ұжымдарының тұрғындарымен кездесті. «Энергожүйе» ЖШС балансына жеке желілерді беру жағдайы қалай?, - деп Асхат Шахаров Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртай Сертаевтан сұрады.

Сертаевтың айтуынша, өңірдегі электр желілерінің негізгі бөлігі – «Энергожүйе» ЖШС балансында. 7-9 ақпан аралығында ауа райының күрт нашарлауының салдарынан облыстағы бірқатар электр желілерінде авариялық ажыратулар орын алып, елдімекендер жарықсыз қалды. Тек 10 ақпан күні барлық елдімекенде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

Ақтөбедегі бау-бақша ұжымдарындағы жеке электр желілері иелерінің тоқсан пайызға жуығы оларды кәсіпорын балансына беруге дайын. Қалғандары бас тартып отыр. Бір өкініштісі, сол жеке электр желілерінің иелері жарық сөнген кезде жөндеу жұмыстарын жасамайды, көмек күтіп отырған тұрғындармен байланысқа шықпайды, - деп толықтырды компанияның бас директоры Ержан Жексембинов.

Ал өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар желі иелерімен, бау-бақша ұжымдарының төрағаларымен, энергетиктермен кездесу өткізуі қажет деп есептейді.

Хаттама толтырылып, ол барлық қатысушының қолымен бекітілуі қажет. Егер олар электр желісін қала балансына беруден бас тартса, оның арты немен аяқталатынын түсіндіру керек, - деп Асхат Шахаров қала басшысына қадап айтты. 

Облыс әкімі коммуналдық қызметтер және аудан әкімдіктерінің басшыларына осындай ТЖ кезінде бірлесіп, іс-қимылдарды пысықтауды, жедел шешімдер қабылдауды және бірге әрекет етуді ұсынды. Ол осы сын сағатта үйлесімді жұмыс істеген Хромтау, Әйтеке би аудандары әкімдіктерін, ТЖ және полиция департаменттерін өзгелерге үлгі етті.

Өзгелердің жаңалығы