Ақтаулықтар 1 сәуірден бері ауыз суға жарымай отыр

4 Сәуір 2022, 16:05
1455
Бөлісу:
Ақтаулықтар 1 сәуірден бері ауыз суға жарымай отыр

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы күндері Каспий жағалауындағы шаһарда тіршілік нәрі шектеулі көлемде беріліп келеді. 

Ақтау – халқы теңіз суын тұщытып ішетін Қазақстандағы жалғыз қала. «Маңғыстаудың жүрегі» атанып кеткен энергетикалық комбинат Каспийдің суын табиғи газ жағу арқылы қайнатып, буға айналдыру арқылы ауыз су алады. Осылайша, күні бүгінге дейін тіршілік нәрін облыс орталығы мен бірнеше ауданға құбырлар арқылы жөнелтіп отыр.

Бір айта кетерлігі, энергетикалық комбинаттың іргетасы кеңестік кезеңде қаланған. 5 мыңға жуық адам еңбек ететін кәсіпорындағы су тұщыту қондырғыларының қолдану мерзімі әлдеқашан өткен. Мамандар қолда бар құрал-жбдықты жамап-жасқап әлек. Өз кезегінде, мәселе өзектілігін әлі күнге жоймай келеді.

Жыл сайын комбинатта пайдаланылатын жабдықтарды аттестаттау жоспарлы түрде өтіп тұрады. Қазіргі уақытта 8 су тұщыту қондырғысының 7-уі жұмыс істеп тұр. Соңғысына 20 сәуірге дейін күрделі жөндеу жасалады. Жалпы, 5 қондырғысы кеңестік кезеңде алынған, қолданыс мерзімі әлдеқашан өткен. Қазір қалыптасқан жағдайға тоқталсақ, 1 сәуірде Ақтау қаласының жоғары және төменгі аймақтарына жергілікті уақытпен таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін шығындарды өлшеу тораптарына мерзімді аттестаттау жұмыстары жүргізу үшін ауыз су беру уақытша тоқтатылды. Өйткені, бас сорғы станциясының арынды су ағатын коллекторында ақаулық табылды. Араға 2 тәулік салып, дәл осындай жағдай қайталанды. Жөндеу жұмыстарынан соң Ақтауға ауыз су беру 4 сәуірде таңғы 7-де толық қалпына келтірілді. Жалпы барлық қондырғыны мерзімді аттестаттауды 26 сәуірде аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында энергетикалық комбинат басшысы Талғат Есентүгелов. 

Сәуір аяқталғанша Маңғыстау өңірде бірнеше елді мекенге ауыз суды беру тағы да уақытша тоқтатылады ма деген сауалға жауапты мамандар нақты жауап бере алған жоқ. «Комбинаттың су тұщыту қондырғыларының тозығы жетуі байланысты бұл мәселе алдағы уақытта қайталанбайды деуге әлі ерте. Мүмкіндік болса баспанада тіршілік нәрінің қоры болғаны абзал - десті. 

Өзгелердің жаңалығы