Ақтаулық әскери қызметшілер «үздік мергендер» атанды

29 Наурыз 2023, 13:45
1278
Бөлісу:
Ақтаулық әскери қызметшілер «үздік мергендер» атанды
Фото: Ақтау әскери гарнизонынан

Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері ҚР Қарулы Күштерінің «Үздік мергендер батальоны» байқауынан жүлделі оралды, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің өңірдегі тілшісі.

1-орынды қанжығаларына байлаған әскери қызметшілерге жүктелген міндет те осал болмапты. Жарысқа еліміздің құрлық әскерлері мен десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелері қатысты. Олар Қарулы Күштердің полигондары мен оқу орталықтарында штаттық және атыс қаруларынан бақылау, атыс даярлығы мен әскери топография нормативтерін орындады

Жеңімпаздар екі номинация бойынша анықталды. Бірінші, механикаландырылған танк, десанттық-шабуыл, мотоатқыштар, батальондары арасында болса, екіншісі механикаландырылған танк, шабуыл және теңіз жаяу әскерлерінің танк батальондары арасында өтті.

Ақтаулық әскери қызметшілер «үздік мергендер» атанды

Байқау қорытындысымен Ақтау гарнизоны теңіз жаяу әскерлері бригадасының танк батальоны бірінші орынды иеленді. Екінші орын Аягөз гарнизонының танк батальонына, үшінші орын Шымкент гарнизонының танк батальонына бұйырды.

Дүбірлі додада менің жеке құрамым жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шыққанына қуаныштымын. Қойылған талап оңай болған жоқ. Бұл – әрбір әскери қызметшінің еңбегі деп білемін. Алдағы уақытта өзімізге қойылған тапсырманы толық орындап, Отан қорғау жолында борышымызды адал атқаратынымызға сенім білдіремін, – деп атап өтті танк батальоны командирі Алмас Файзуллин.

Құрамында әскери басқару органдарының, құрлық әскерлері мен әскери-оқу орындарының тәжірибелі офицерлері болған қазылар алқасы бөлімше командирлерінің кешенді атыс міндеттерін шешу дағдыларын және әскери қызметшілердің далалық дағдыларын меңгеру деңгейін бағалады.

Өзгелердің жаңалығы