"АльфаСтрахование" Embraer ұшағының Ақтау маңында апатқа ұшырауына байланысты авиациялық сақтандыру (авиакаско) бойынша толық өтемақы төледі, деп хабарлайды BAQ.KZ "Интерфаксқа" сілтеме жасап.
Компанияның авиациялық және ғарыштық сақтандыру жөніндегі бас директорының орынбасары Илья Кабачниктің айтуынша, компания жолаушыларға келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді бастап кеткен.
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының Embraer 190 ұшағы және жолаушылар алдындағы тасымалдаушының жауапкершілігі "АльфаСтрахование" компаниясында сақтандырылған. Негізгі қауіп-қатер "Ресейдің ұлттық қайта сақтандыру компаниясында" (РНПК) қайта сақтандырылған. Ұшақ үшін толық сақтандыру сомасы ақпан айында төленді, – деді ол.
Ол авиакаско бойынша төлем сомасын нақтыламады, бірақ сақтандыру компаниясының ресми тергеу аяқталғанын күтпей-ақ төлем жүргізу себебін түсіндірді.
Апатты тергеу жалғасып жатқанына қарамастан, бізде төлемдерді ұйымдастыруға жеткілікті ақпарат бар. Біз үшін бастысы – ұшақтың жойылғаны анық, бұл күмән туғызбайды. Өйткені, соғыс және терроризм тәуекелдері де сақтандырылған, сондықтан авиакомпания кез келген жағдайда өтемақы алады, – деді ол.
Компания жолаушыларға келтірілген зиянды өтеу және тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру бойынша өтемақыларды қаңтар айынан бастап төлей бастағанын және төлемдер әлі де жалғасып жатқанын хабарлады.
Кабачниктің айтуынша, Баку–Грозный бағытындағы AZAL рейсінде жолаушыларды тасымалдау 1999 жылғы Монреаль конвенциясына сәйкес реттеледі. Бұл конвенцияға Әзербайжан да, Ресей де қатысады. "АльфаСтрахование" мен AZAL арасындағы келісімшарт Ресейге жасалған рейстердегі тәуекелдерді қамтығандықтан, төлемдер Ресейдің №67-ФЗ заңына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл заңға сәйкес, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін төлем лимиті 2 миллион рубльді құрайды және өтемақы қажетті құжаттар пакеті ұсынылғаннан кейін тез төленуі мүмкін.