Ақтаудағы түзету орталығы балаларды ұрып-соғу фактісінен кейін жабылды

Ақтаудағы түзету орталығы баламен болған даулы видеодан кейін жұмысын тоқтатты.

 видеодан скриншот 12 Наурыз 2026, 13:52
12 Наурыз 2026, 13:52
690
Фото: видеодан скриншот

Ақтауда тәрбиеленушілерге қатыгездік көрсетуге қатысты үлкен дау тудырған түзету орталығы жабылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Осыған дейін әлеуметтік желілерде орталық жаттықтырушысының тәрбиеленушілермен қалай «жұмыс істеп» жатқаны түсірілген видео пайда болды.

Жарияланған кадрлардан бірнеше баланың шағын бөлмеде шеңбер бойымен жүгіріп жүргенін көруге болады. Бір сәтте ер адам еденде жатқан баланы ұстап алып, содан кейін оны теуіп жібергені байқалады. 

Спорт залындағы видеожазбаларды көрген зардап шеккен баланың анасы құқық қорғау органдарына арыз жазып, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, орталықта бала құқықтарын бұзудың екі жағдайы анықталған. Видеоға түсіп қалған дерек бойынша бүгінгі таңда қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.

Білім басқармасы мен өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл орталыққа барды. Қазіргі уақытта мекеме жабық. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы ерекше балалардың ата-аналарымен байланыста отыр. Жағдай бақылауда. Қазіргі уақытта балалар үйлерінде, жағдайлары тұрақты, - деп хабарлады комитеттегілер.

Ведомство ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтары мемлекеттің ерекше қорғауында екенін және оларды бұзудың кез келген фактісі принципті құқықтық бағалауды талап ететінін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін ақтаулық келіншек түзету орталығындағы сұмдық видеоны жариялаған болатын. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх