Ақтауда облыстық балалар ауруханасының хирургі кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деген күдікпен ұсталды.
Айта кетерлігі, 2026 жылдың сәуір айында Ақтау тұрғыны дәрігер қателігіне шағымданған. Одан кейін оның 13 жастағы ұлы ауыр жағдайда қалған. Бала санитариялық авиациямен Алматыға жеткізілгенімен, кейін қайтыс болған.
Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ауқымды тексеру жүргізіп, көпбейінді балалар ауруханасында бірқатар заң бұзушылық анықтаған.
2026 жылғы 1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық іс аясында қажетті тергеу амалдары жүргізілді, медицина қызметкерлерінен жауап алынды, комиссиялық сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде асқынудың дамуына ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталды, – деп хабарлады полиция.
Өңір полициясының мәліметінше, тергеу барысында облыстық балалар ауруханасында балаға медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастырушылық-тактикалық және емдеу-диагностикалық сипаттағы кемшіліктерге жол берілгені анықталған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.