Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Қасым Тілепов брифинг барысында еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамытуда қандай істер атқарылып жатқанын айтып берді.
Жиын барысында ол 5 шілдеде мемлекет басшысының қатысуымен елдің көлік тасымалы әлеуетін арттыру бойынша жиын өткенін және президент қандай міндеттер қойғанын атап өтті.
Қазір елдегі көлік тасымалы кешендеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде экспорттық тасымал әлеуетін арттыру мәселесі алға қойылған. Бұл бағытта жол магистралдары мен терминал қуатын арттыру мәселесі тұр. Сонымен қатар мемлекет басшысы теңіз саласына да ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Яғни, Каспий теңізіндегі жүк тасымалы артып, Ақтау портын дамыту міндеті қойылды. Ол жерде отандық сауда кемелерінің саны алдағы уақытта артады, - деді Тілепов.
Сонымен қатар ол Ресей мен Қытай бағытындағы жүк тасымалы дәлізін арттыру бойынша жұмыстар атқаралып жатқанын, Достық-Мойынты темір жолының екінші бөлігін салу жүріп жатқанын жеткізді.
Оған қоса Алматыны айналып өтетін темір жол желісі салынады, бұл қаланы басып өтетін темір жол жүктемесін 30 пайызға төмендетеді. Одан бөлек шекаралық Бақты-Аягөз темір жолының үшінші бөлігін салу қарастырылып жатыр. Бұл бағытта ҚТЖ ресейлік және қытайлық әріптестерімізбен келіссөз жүргізіп жатыр,-деді ол.
Қасым Тілеповтың айтуынша, Орталық Азияға шығатын Сарыағаш станциясы толық қуатта жұмыс істеп жатыр, ондағы резерв 1 млн тоннаға дейін жеткен. Сол себепті Дарбаза-Мақтаарал темір жолын салу қолға алынған. Бұл еліміздің жүк тасымалын 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді екен. Оған қоса аталған темір жол Мақтаарал ауданын негізгі темір жол желісімен байланыстыруға жағдай жасайды. Өз кезегінде бұл аталған аймақтың дамуына ықпал етпек.