Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтауда екі баланы көлік қағып кетті: оқушылар жансақтау бөлімінде жатыр

14 Мамыр 2025, 22:26
552
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

 Ақтаудағы Шығыс-2 және Шығыс-3 шағынаудандары арасындағы жолда жол-көлік оқиғасы орын алып, екі жасөспірім жаяу жүргіншілер өткелінде көлік астында қалды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 2013 және 2014 жылы туған екі баланы қағып кеткен. Қазіргі уақытта олар Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, балалардың екеуі де бас миынан ауыр жарақат алған, біреуі кома жағдайында. Дәрігерлер жағдайларын тұрақтандыру үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша іс қозғалды. Бұл бап абайсызда адам денсаулығына зиян келтірген жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қысқа мерзімді қамауға алу түрінде жаза қарастырады. Қазір іс облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.

Оқиға орнынан түсірілген бейнематериал әлеуметтік желілерде тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Жергілікті тұрғындар жол қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіруде.

Өзгелердің жаңалығы