Ақтауда даярлық сыныптары қысқара ма?

27 Сәуір 2023, 17:43
2094
Бөлісу:
Ақтауда даярлық сыныптары қысқара ма?
Фото: автордан

Жаңа оқу жылында Ақтаудағы кейбір мектептерде даярлық сыныптары қысқаратын болып шешілді, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Оған себеп - үш аусымдық оқыту жүйесінің жойылмауы. Ақтау қаласы бойынша барлығы 28 мемлекеттік мектеп, 18 жекеменшік мектеп, 1 кешкі мектеп бар.

Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 7600 оқушы қабылданады деп жоспарлап отырмыз. Былтырғы оқу жылында 7004 бала келді. Статистикаға қарасақ, жыл сайын балалардың өсімі артып отыр. Мысалы, 2021-2022 жылға 4900 бала  болса, 2022-2023 оқу жылында 5358 балаға артық. Биылғы жылы да 5500 балаға өсім болады деген болжам бар,- дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.

Ақтауда даярлық сыныптары қысқара ма?

Биылғы оқу жылында бес мектеп үш аусымда білім берді. Оның ішінде №12 мектеп, №19 , №20, №23, №25 мектептер. Статистикаға жүгінсек, баланың туу көрсеткіші мен көшіп келудің есебінен балалар саны жылдан-жылға артып барады. Биылғы оқу жылында да үшаусымды мектеп жұмысын жалғастыруы мүмкін. Сондықтан да, мектеп алды даярылық сыныптардың ашылуы күрделі мәселе.

Ақтауда даярлық сыныптары қысқара ма?

Биылғы оқу жылында 17 мектепте барлығы 46 даярлық сыныбы ашылады. Оның ішінде 9-ы орыс тілді сыныптар болмақ. Былтырғы оқу жылында 18 орта мектепте 83 даярлық сыныбы ашылса, биыл 43-ке азайып отыр. Биылғы оқу жылында 18 жекеменшік мектеп бар. Алдағы оқу жылында 6 жаңа жеке мектеп ашылады деп жоспарланды. Жаңа оқу жылында жекеменшік мектептерде даярлық сыныптары оқытылмайды. Өйткені білім ошақтарының барлығы қаржы орталығынан тапсырыс алып отыр. Ал, мемлекеттік тапсырыс тек қана 1-11 сыныптарға бөлінетінін ескеруіміз керек. Даярлық сыныптарына қаржы қарастырылмаған. Тағы бір айта кететін жағдай, қаланың төменгі шағынаудандарындағы 5 мектепте даярлық сыныбына қабылдау мүмкіндігі бар. Бірақ, оған жоғары шағынаудандағы ата-аналар балаларын тасып оқытуға құлықсыз екен.

Ақтауда даярлық сыныптары қысқара ма?

Үшаусымды мектептерде даярлық сыныбы мүлдем ашылмайды. Енді үшаусымдық мектептерді жою мақсатында 18 «а» шағынауданында және 19 шағынауданда әрқайсысы 1200 орындық мектептердің құрылысы жүріп жатыр.

Екі шағын аудандағы мектеп құрылысы күрделі мәселе. 18 «а» және 19 шағын аудандарындағы мектепте құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобалық-сметалық жоспары 2018 жылы жасалды. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Тоқтап қалған себебі екі жыл бұрын болған пандемия және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қазір екі жобаға түзету жұмыстары енгізіліп жатыр. 19-шағынаудандағы мектепке түзету енгізілді. Мемлекеттік сараптамадан шығып тұр. Бюджетке ұсыныс берілді. Енді жұмысты жандандырамыз. 18 «а» шағынаудандағы құрылысқа байланысты түзету жұмыстарының сараптамасы басталды. Айдың аяғында бекітіледі. Өзінің нормативтік мерзімі 45 күндік сараптамадан шықса, жұмыс жалғасады, - дейді Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айнұр Мәкешова.

Екі мектеп бойынша құрылыс тоқтамайды. Нормативтік құрылыс монтаждау кестесі бойынша 2024 жылдың бірінші тоқсанында құрылыс аяқталмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын іске асыру бойынша 49-тармағын орындау үшін Үкіметтің 2022 жылы 30 қарашада 963- қаулысымен жайлы мектепті іске асыру жөніндегі пилоттық жобасы бекітілді. Бұл жоба аясында Маңғыстау облысы бойынша білім беру саласынан 24 мектеп енгізілді. 2023 жылға 15 мектеп, 2024 жылға 9 мектеп салу көзделуде. Ақтау қаласы бойынша 8 мектеп, Жаңаөзенде 3, Маңғыстау ауданында 2, Бейнеу ауданында 4 және Мұнайлы ауданында 7 мектеп бой көтермек. Әрқайсы 1200, 300 және 900 орындық. Бірыңғай оператор  «Самұрық-Қазына». Қазір жобалар жасақталып, 11 мектептің конкурсы жүргізілді. «Самұрық-Қазынаның» ақпаратына сәйкес, осы айдың аяғында нәтижесі шығып, мердігерлер белгіленіп, құрылыс монтаждау жұмыстары басталады деп жоспараланып отырған көрінеді.

Шамамыз келгенше мектепалды даярлық сыныбын қамтамасыз етуге күш саламыз. 18 жекеменшік мектепке ұсыныс хат жолданған болатын. 2 шағын аудандағы №3 мектеп, №5, №8 және №15 мектептерде қосымша қабылдауға мүмкіндіктер бар. Бір айта кететініміз, ата-аналардың түсіністік танытуын сұраймын,- дейді Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.

Өзгелердің жаңалығы