Толассыз жауған жаңбырдың салдарын жою жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника мен 50 коммуналдық қызметкер жұмылдырылды.
Ақтауда ұзаққа созылған жаңбырдан кейін оның салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бір тәулікте коммуналдық қызметтер жолдар мен оларға іргелес аумақтарда жиналған 10 мың текше метр суды сорып шығарды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмыстарға 20-ға жуық арнайы техника мен коммуналдық қызметтердің 50-ге жуық қызметкері тартылған. Түнде мамандар су көп жиналған 11 учаскеде жұмыс істеді.
8 қараша күні таңертең суды сору жұмыстары 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында, «Хазар» базары маңында, 29 және 29А шағынаудандарының арасында, сондай-ақ 13 және 15, 11 және 14 шағынаудандарының арасындағы учаскелерде жалғасты.
Коммуналдық қызметтер жауын-шашын салдарынан көлік қозғалысы қиындаған жолдар мен оларға іргелес аумақтардағы суды сорып жатыр. Сонымен қатар мамандар қолайсыз ауа райынан кейін жолдар мен қала аумақтарын ретке келтіруде. Жағдай жауапты қызметтердің бақылауында.
Ал «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 8 қарашада Маңғыстау облысында қолайсыз ауа райы күтіледі. Өңірде жаңбыр жауып, облыстың батысы мен орталық бөлігінде нөсер болуы ықтимал. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні кей жерлерде секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Ақтауда да жаңбыр жауады, түнде кей жерлерде нөсер болуы мүмкін. Күндіз солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетуі ықтимал.