Ақтаудың 9-шағын ауданындағы автобус аялдамасында 7 желтоқсан таңертең өтіп бара жатқан тұрғын ес-түссіз жатқан ер адамды байқап қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның жанында мобильді телефоны жатқан. Куәгер телефондағы бірінші байланыс нөміріне қоңырау шалған, ол ер адамның немересіне тиесілі екен.
Туыстары шұғыл жетіп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер реанимациялық шаралар жасап көргенімен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына полиция келді.
Туыстарының айтуынша, ер адам таңертең дәріханаға шығып кеткен. Ол ұзақ уақыт бойы жүрек-қантамыр ауруларынан зардап шеккен: жоғары қан қысымы мен жүрек сырқаты болған. Алдын ала болжам бойынша, оның өліміне инсульт не жүрек талмасы себеп болуы мүмкін.
Белгілі болғандай, бір ай бұрын ер адам 64 жасқа толған. Ол 11-шағын ауданда анасымен бірге тұрған.