Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтауда алғаш рет мәйіттік донор тіркелді: Жүрек басқа адамның өмірін сақтап қалды

Бүгiн, 16:23
226
Бөлісу:

Ақтаудың облыстық көпбейінді ауруханасында 45 жастағы ер адамның ми өлімі анықталған. Аурухана қызметкерлері туыстарына түсіндірме жұмыстарын жүргіп, жақындарының келісімінен соң, аурухана базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мамандарымен бірлесіп жүрек алу операциясы жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Донордың жүрегі ұзақ уақыт күту парағында тұрған науқасқа сәтті трансплантацияланды. Операцияны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация орталығының мамандары сәтті жүзеге асырды.

Бұл – өңіріміз үшін ерекше маңызды оқиға. Донорлық ми өлімінің ресми расталуынан кейін барлық медициналық рәсімдер заңды түрде орындалды. Біз донорлыққа шешім қабылдаған отбасына шынайы құрмет көрсетеміз және адам өмірін құтқаруға бағытталған ізгі қадамдары үшін алғыс айтамыз, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының м.а. Берік Каунов.

Мұндай жағдай Маңғыстау өңірінде алғаш рет тіркеліп отыр. Бұған дейін облыста қайтыс болғаннан кейінгі донорлық факті кездеспеген.

Маңғыстау облысы бойынша трансплантация жөніндегі өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызының айтуынша, қазір жалпы күту парағында 175 маңғыстаулық бар. Оның ішінде 165 ересек пен 3 бала – бүйрек, 4 ересек, 1 бала – бауыр, 2 ересек жүрек трансплантациясын күтуде.

Әлемдік тәжірибеде қайтыс болғаннан кейінгі донорлық адамгершіліктің ең жоғары көрінісі саналады. Бір донор алты адамға дейін өмір сыйлай алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық трансплантация 2,6 есеге артқанын және Алматыдағы №4 клиникалық ауруханада мультиорганды донорлық операция сәтті өтіп, қайтыс болған донордың жүрек, бауыр және екі бүйрегі төрт адамның өмірін құтқарғаны жайлы жаздық.

Өзгелердің жаңалығы